Жаңалықтар

«Жайлы мектеп» – нақты мүмкіндік

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.


Брифинг барысында спикер жаңа оқу жылының басталуы, пайдалануға берілген білім мекемелері, алдағы жоспарлар туралы айтты.1 қыркүйек күні облысымызда 248 мыңнан аса оқушы сүйікті мектебімен, сыныптастарымен және ұстаздарымен қайта қауышса, оның 20 800-і 1-сыныпқа қабылданып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған.Жаңа 2024-2025 оқу жылында 587 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 507 орта білім беру ұйымы, 42 колледж, 76 қосымша білім беру ұйымы, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекеме, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйі балалар игілігі үшін жұмыс істейді.

– Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 33 оқу аптасын, 2-11 (12)-сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды. Барлық мектептер министрдің 2020 жылғы 21 сәуірдегі «Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларын бекіту туралы» №153 бұйрығын басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізуде.Мектептердегі сабақ кестесін бекітуде мұғалімдердің күнтізбелік жоспарларын және сағаттарды бөлуде әдеттегідей білім беру ұйымдарының әкімшілігі жауапты.

Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін (2,8 миллиард теңге) қажетті қаржы қарастырылып, жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді.Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылуда. Әсіресе инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

2024 жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды.Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады. 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітеді.Бұған қоса 10 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Ал білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды, – деген Ләззат Әбілдақызы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 600 орындық №7 орта мектебі ел игілігіне берілгенін жеткізді. 

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – оқушы орнының жетіспеушілігін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Жобада функционалды және қауіпсіз білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылған.Жарқын жоба шеңберінде облыс бойынша 12 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде биыл 6 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы 6 мектеп есігін айқара ашады.Сонымен қатар биыл өңірдегі 96 білім нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.Келесі кезекте баяндамашы балаларды ыстық тамақпен қамту жұмыстарына да тоқталды. 

А.Орынбасарқызы