Жамбыл жаңалықтары

Жемшөп қоры жеткілікті

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде мал азығын дайындау және жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген тұрғын алқаптардың жай-күйі мәселелері қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, алдағы қыста мал қыстатуға 523,4 мың мүйізді ірі қара, 3,8 миллион уақ мал (қой-ешкі), 184,9 мың жылқы, 7,7 мың түйе түседі деп жоспарланып отыр. 

– Осыған байланысты қыстауға түсетін мал санына қарай 2,6 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан және 353 мың тонна құнарлы жем дайындауымыз керек.Бүгінгі күні 303 мың гектар жердің шөбі шабылып, қажетті 2,6 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 472,4 мың тонна сабан жоспарға сәйкес толық жиналды. Қазіргі уақытта сүрлем жинау жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ қыстатылатын әрбір шартты малға 19 центнерден азық дайындалды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12 центнерді құраған болатын. Дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстауларға жеткізілуде.Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Ғалымұлының мал азығы қорын жинақтау бойынша тапсырмасына сәйкес қосымша 1,2 мың тонна пішен дайындау жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 1,7 мың тонна пішен жинақталды.Сонымен қатар арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық аудандарды аралап, жиналған жемшөп қорына зерделеу жұмыстары жүргізілді.Аудандарда барлығы 5 862 мал қыстату орны болса, оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз жөндеуден өткізіліп, қыс мезгіліне дайындалуда.Жалпы облыс аумағында 1 түк пішеннің бағасы 500-650 теңге аралығында, құнарлы жемнің килограмы 60-68 теңгеден сатылуда, – деген Төлебек Болатұлы өңірде жемшөп қоры жеткілікті және мал азығын дайындау жұмыстары тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі аудан әкімдерінен осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен шалғайда орналасқан шаруалардың жемшөбін қалыптастыру жайын сұрады.

Сонымен бірге аймақ басшысы аудан әкімдеріне шалғайдағы елді мекендерге барып, жағдайды өз көздерімен көруді тапсырды. Әсіресе қыстың қытымыр аязында жолдардың жабылып қалуы мүмкіндігін ескеріп, сол ауылдардағы мал азығының жеткілікті болуын мұқият қадағалауды баса айтты.

Жиында аймақ басшысы орынбасары Әбілқайыр Тамабекке, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшылығына, аудан әкімдеріне мал азығын дайындау жұмыстарын толығымен аяқтауды және бағасын қадағалауды, мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 

Айжан ӨЗБЕКОВА