Техникалық білімі бар қызметкерлерге күтілетін сұраныс жоғары- Светлана Жақыпова
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған кәсіптік дағдыларды дамыту және жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуды ынталандыру туралы тапсырмасын ведомство қалай іске асырып жатқанын баяндады, деп хабарлайды arainfo.kz
Министр сөз басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) қысқа мерзімді (1 жыл), орта мерзімді (6 жыл) және ұзақ мерзімді (2050 жылға дейін) еңбек ресурстарын болжау жүйесін қалыптастыратынын хабарлады.
Еңбекминінің басшысы еңбек нарығында кәсіптік техникалық білімі бар қызметкерлерге күтілетін сұраныс жоғары білімі бар қызметкерлерге қарағанда айтарлықтай жоғары (70% - ға) екенін атап өтті.
2030 жылға дейін кадрларға жалпы қажеттілік 1,8 млн адамды құрайды, оның ішінде техникалық білімі бар шамамен 1 млн қызметкер.
Еңбекмині жұмысқа орналасуды ынталандыру, оның ішінде жұмысшы кәсіптері бойынша шаралар қабылдауда.
Бұдан басқа жоспарланған жұмыс орындары бойынша көрсеткіштерді қосу және жоба сомасының кемінде 30%-ы еңбекақы төлеу қоры бойынша міндеттемелерді қабылдау бөлігінде құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жөнінде шаралар қабылданады.
Электрондық еңбек биржасы базасында студенттерге өндірістік практикадан өту бойынша функционал іске асырылды. Бұл жоба пилоттық режимде ТжКБ-ның 29 ұйымында іске асырылуда, нәтижесінде 635 студент өндірістік практикадан өту үшін онлайн форматта жұмыс берушілерді іздеу мүмкіндігіне ие болды.
Кәсіби мансапты таңдау және мансап траекториясын басқару құралы болып табылатын «Мансап компастары» атты жаңа платформа іске қосылды.
Skills.Enbek платформасында кәсіби дағдыларды дамыту шеңберінде ТжКБ ұйымдары мен жоғары оқу орындарына микроквалификацияларды тану және WorldSkills алаңдарын дамыту үшін курстарды орналастыру мүмкіндігі берілді. Бүгінгі күнде осы платформада оқимын деген азаматтар үшін 603 онлайн курс орналастырылған, оның 271-і тегін.
Сонымен қатар, жергілікті жұмыспен қамту органдары біліктілігін арттыруды қажет ететін жұмыссыздар үшін жұмыс берушілерде жұмыс орнында оқыту жүргізеді. 7 мыңға жуық жұмыссыз азамат оқудан өтті, олардың 98% - ы алған дағдылары бойынша жұмысқа орналастырылды.