Руханият

Төл өнерімізді төрге оздыратын уақыт жетті

Терме – қазақтың жаны, ары, намысы, бабалардан жеткен аманат тұнған тарихы. Ол – ақындық пен әншілік өнердің өзге туындыларына ұқсамайтын ерекше бір тәрбие құралы, өсиет өрнегі. Халқымыз осы терме арқылы ішкі толғанысын, ой-өрісін сыртқа шығарып, небір тарихи оқиғаларды бізге жеткізді. Біздің бала күнде тек такси көлігінде ғана естіп өскен термені бүгінде сирек тыңдайтын болдық. Демек, насихаты нашар болып жатыр ма? Дегенмен нарықтың «сұраныс жоқ жерде ұсыныс жоқ» деген заңдылығы сияқты жұрт терме тыңдаудан қалып бара ма деген қауіп мазалайды. Ел сұрамаған соң ақын да термесін тықпалап несін әуреленсін. Қалай болған күнде де өнердің бұл түріне дәл қазір үгіт-насихат іс-шаралары ауадай қажет-ақ. Дәстүрді жалғастырмасақ, жоғалтып алмасымызға кім кепіл...

Танымал ғалым Рахманқұл Бердібай: «Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезінде жалғастығын таппаған дәстүр де жоғалады», – деп, терменің қазіргі күйіне дөп келетін ақыл-кеңес айтқан екен. Кейінгі ұрпақты ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып тәрбиелейтін, байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен тұратын жыр-толғау, терме жанрларынан көз жазып бара жатқан қазіргі қалпымызға қаратып айтылғандай екен.

Біраз жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оқушыларға арналған «Домбыра» оқулығы жарық көрген еді. Бұл пәнді орта білім жүйесіне оқушылардың қалауымен қосымша пән ретінде енгізу қолға алынғанын естігенде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Бұл идея келешекте осы мәселені шешуге едәуір септігін тигізіп, күймен қатар, текті сөздің төресі саналған жыр-толғау, терме өнері де бірте-бірте тәрбиенің бөлінбес бір бөлшегіне айналады деген үміт зор.

Осы пән арқылы жеткіншектер өз заманының мұңын жырлаған Шернияз, Майлықожа, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты тағы да басқа ақындардың термелерімен сусындап, адамгершілік қасиеттерін насихаттайтын өнер бұлағының көзін одан әрі жарқырата түсуге үлес қосып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Қай заманда да жарық пен қараңғы түнекті, бар мен жоқты, кеңістік пен кейістікті, жақсылық пен жамандықты сипаттап, жырға арқау еткен термешілік дәстүрден мүлде қол үзіп қалдық деуге де болмас.

Тек кейінгі жылдары назардан тыс қалып бара жатқан, өмірдің шынайылығын паш ететін ғибратқа толы жыр мен термені әлі де дамытсақ дейміз. Сахна төріне термешілердің көбірек көтерілгенін қалайтынымыз рас.Өлеңдерінде қазақы тәрбиенің қалпы сақталып тұратын, жырларында оқыған адамды ойландыратын қасиет бар ақын Нұржан Әліш бүгінгі буынның терме тыңдап өскені қажет екенін айтып өтті. Себебі идеологияның шаңырағын шайқалтып жатқан батыстан ескен бөтен «жел» ұрпақ санасын уламай қоймайды.

Домбыраның күмбірімен өріліп, кеудеңді шуақпен толтыратын, қоспасыз, маржан, саф туындының тыңдаушысын адамгершілікке үндеп, санасына ізгілік дәнін себудегі қасиеті қандай десеңізші. Сондықтан бұл өнерге жұрттың сүйіспеншілігі де жоғары болуы тиіс. 

Расында, «YouTube»-ке 7 жыл бұрын жүктелген Заттыбек Көпбосынұлының орындауындағы Шалқар Әбішұлының «Бірге туған бауырларға» термесі – 1 976 167, «Жас жігіттің қасіреті» термесі – 1,7 миллион, ақын Аян Нысаналының «Ағайын» термесінің 500 мың қаралымнан аса алмай жатқаны қынжылтады.Терме туралы әңгімеге қосатын тағы бір тұжырымымыз – қазіргі қоғамды, адам болмысын кейіптеп, сипаттайтын жаңа термелер жоқтың қасы.

Десе де Жәнібек Кәрменов, Елікбай Исаев, Аяз Бетбаев сынды аға буынның жолын жалғап, кейінгі кезде айтыскер Дидар Қамиев, әнші Тоқтар Серік, Мейрамбек Бесбаев сынды өнер жұлдыздары да термешіліктің ауылына ат ізін сала бастады. Әрине, бұл жақсы үрдіс. Танымал эстрада жұлдыздарының термелері ғаламторда көбірек тыңдалатынын талдау нәтижелері көрсетіп отыр. 

Баяғыда қариясы бар үйлердің бәрі жағалай терме тыңдап отыратын. «Елін, жерін сүйіп өссін, халқына адал, әділ болсын» деп термені баланың тәрбие құралы ретінде пайдаланатын. Жастар қазақтың көп сөзінің мағынасын термеден ұғып өсетін. Ал қазір ше? Бір жағынан, жұрт желпілдеген жеңіл әндер мен сахнадағы сайқымазақтардан да шаршап бітті.

Бұл сахнаны ессіз әндерден тазартып, қазақтың өзінің төл өнерін төрге оздыратын уақыт жетті деген сөз. Ол үшін термешілердің мәдениетімізге қосар үлесі ескеріліп, бұл дәстүрге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, әрі қарай жалғасын таба беруі үшін өнер жанашырлары демеушілік етуі керек-ақ.

Фариза КЕНЖЕБАЕВА, 
облыстық
 айтыскер ақындар, 
жыршы-термешілер орталығының
 бөлім меңгерушісі