Жаңалықтар

Жол – экономиканың күретамыры

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында көлік-логистика секторын дамыту стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық екенін, бұл көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестицияның өзін-өзі ақтайтынына себепкер болатынын баса айтты.

КӨШЕЛЕРДІҢ ЖАЙЫ
 ЖАҚСАРУДА

Жол жөнделсе жүріс те өнетіні, тұрмыс та түзеліп, туризм де түлейтіні белгілі. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатса, 700-ге жуық шақырымы облысымызға тиесілі. Өңірде жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 10 084 шақырымды құрайды. Оның 6 мың 41 шақырымы жақсы жағдайда (59,9 пайыз), 2 519 шақырымы қанағаттанарлық деңгейде (24,9 пайыз), 1 524 шақырымы нашар жағдайдағы (15,1 пайыз) жолдар.

– Бүгінгі таңда облыста жүзеге асырылып жатқан 357 жоба шеңберінде 690,5 шақырым жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 671 шақырым жолды орта жөндеу, 1 көпір мен 16,5 шақырым көше жолының құрылысы және 3 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланған.«ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар 164,2 шақырым жол жөнделеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99 пайызға (жақсысы – 65 пайыз, қанағаттанарлығы – 34 пайыз,) жеткізу межеленген.Елді мекен көшелері желісінің жалпы ұзындығы 5 726 шақырымды құраса, 3 321 шақырымы жақсы (59 пайыз), 1 203 шақырымы қанағаттанарлық (20 пайыз) жағдайда. Қанағаттанарлықсыз жағдайдағы жолдың ұзындығы 1 202 шақырымды (21 пайыз) құрайды.

Мұрат Құттыбайұлының айтуынша, 2025 жылы 189,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожол мен 150 шақырым елді мекен көшесін орта жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Қазіргі уақытта жөнделіп жатқан жолдардың сапасын келісімшарт негізінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы қадағалап отыр. Сапа орталығы тарапынан 840 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2 642 сынама алынған екен. Нәтижесінде 263 (республика – 233; жергілікті – 30) ескерту беріліп, жою жөнінде шаралар қабылданған.

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА
 АЙНАЛҒАН ҚАЛА

Биыл Тараз қаласында жылу құбырларының ауыстырылып, автожолдардың жөндеуден өтуі шаһарды құрылыс алаңына айналдырғандай кейіпке енгізгені баршаға мәлім. Оның ішінде қаланың қуыс-қуысындағы көшелерге дейін жөндеуден өтуде. Бұл қуанарлық жайт. Дегенмен жол салу барысындағы ескерілуі тиіс талаптар жол қауіпсіздігі ережесіне сай болуы қажет.Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, облыс орталығында 1 445 көше жолы болса, оның 902-сі асфальтталған. 543 көшеге шағал тас төселген.

– Халқымызда «Жол – экономиканың күретамыры» деген жақсы бір сөз бар. Сол үшін де қала аумағындағы жолдардың сапалы жөнделуі жіті назарға алынған. Былтыр 3,6 миллиард теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым болатын 7 жаяу жүргінші жолы орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» тұрғын алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол орташа жөнделуде.

Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 70 пайызға ұлғайды.Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл-А», «Бурыл-Б», «Бурыл-В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қызу жүруде. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің 13-і былтыр асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді.«Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қала көшелері мен ықшамаудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 900 миллион теңге қарастырылды. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда. Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салуды жоспарлап отырмыз.

Қала әкімінің айтуынша, тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдардың дені көшелерді жарықтандыруға байланысты көрінеді. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыру қолға алыныпты.Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 ықшамауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жол түнгі жарықпен қамтамасыз етіліпті. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыру жоспарланған екен. Бұдан бөлек Сейфуллин көшесінің бойына және Жамбыл даңғылының жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарықшамдар орнатылмақ.Бұрын «Түйте» каналын қамыс басып, канал табанындағы күл-қоқыс су ағысына кедергі келтіретін. Қазір осы су жүйесін адам танымастай өзгертуге күш салынып, алдағы уақытта ел бір мезгіл серуендейтін, демалатын орын жасалмақ.Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесін жақсартуға барынша ден қойылуда.

Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Аталған жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз. Шаһар аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алыныпты. Осының нәтижесінде каналдар толығымен тазартылып, жаңа кейіпке енген. Сондай-ақ қазіргі таңда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей тапсырмасымен «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Түйте» каналының, атап айтқанда, осы су жүйесінің «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1 738 метрді құрайды екен. Осылайша жаңғырған каналдың бойы тұрғындардың сейілдеуіне таптырмас демалыс орны болмақ. Мұны сөз етіп отырғанымыз, осы «Түйте» каналы арқылы «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабын жалғайтын көлік жолы үшін каналдың әр тұсынан өткел салынады деген жоспар бар. Бұл да халыққа керек дүние.

БИІК БОРДЮРДІҢ 
ҚАЖЕТТІЛІГІ ҚАНША?

Алайда «Ұлы дала» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары «Түйте» каналынан өте алмай, қиналып жүрген көрінеді. Бұған дейін жүргіншілер каналдан әрлі-берлі өтіп жүрген өткел қазір бұзылып тасталған. Бұл «Ұлы дала» ықшамауданы тұрғындарының көтеріп отырған мәселесі. Десе де тұрғындар жаңа көпір салынғанша сабырлық танытуы қажет-ақ.Тағы бір назар аударатын жайт – осы каналдың «Ұлы дала» ықшамауданы жағында бұрын салынған жолдың тарлығы. Тар жол көліктердің ары-бері өтуіне қолайсыз болып тұр.

Бүгінде шаһарда жөндеуден өтіп жатқан жолдар жетерлік. Оның ішінде ені тар көшелер де баршылық. Алайда тар көшенің жиегіне бордюр қою, оның биіктігін жолдан 20 сантиметрден астам етіп орнату сәнге айналған. Ал мұндай биіктіктегі бордюрлер жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбей қоймайды.

– Пушкин, Бектұрғанов, Жүнісәлиев секілді Тараз қаласының бірнеше көшесі жөнделіп жатыр. Ол көшелердің ені тар. Енді сондай көшелердің жиегіне бордюрлердің биіктігін 20 сантиметрден аса биік етіп қою не үшін қажет? Бұрын бордюрлер жолдың жиегінің биіктігімен бірдей болып жататын. Өйткені алдыңнан қарама-қарсы көлік немесе велосипед шығып қалуы мүмкін. Жаяу жүргінші де жолға шығып кетсе, оны таптап өтіп кетпейсің ғой, жолдың жағасына қарай қашасың. Мәселен, жақында ғана Бектұрғанов көшесінде бір көлік екіншісінен қашамын деп бордюрге соғылып, көлігіне зақым келді. Осы тектес оқыс жағдайда 20 сантиметр биіктіктегі бордюр жол-көлік апатының туындауына басты себеп болатыны анық. Себебі жол үстінде түрлі апаттық, төтенше жағдай орын алғанда жүріп келе жатқан көлік жолдың жиегіне шығуы керек.Ертеңгі күні бір көлік осындай жол бойында бұзылып қалуы немесе біреуді күтіп тұруы мүмкін. Сол кезде оның артында келе жатқан көліктің тоқтауына тура келеді. Неге десеңіз, тоқтаған көліктің артындағы көлік оң жақпен айналып өтейін десе, оған бордюр мүмкіндік бермейді. Сол жағымен айналып өтетін болса, алдағы уақытта сол көшенің қақ ортасына бір бағыттағы жолақ (сплошная линия) түседі. Ал ол сызықты кесіп өтпек тұрмақ, басқан көліктің иесі айыпты болады. Бұл – ашығын айтқанда, қолдан мәселе туындату, қолдан апаттық жағдай жасау.

Сондай-ақ ол жол жөндеу барысында халыққа қолайсыз жағдай тудыратын мердігерлердің ісіне де көңілі толмайтынын жеткізді.

Біз осы сұрақтардың жауабын қала әкімі Бақытжан Орынбековтің өз аузынан естігенді жөн көрдік. Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, мердігерлерге тек жол жөндеу жұмысы мерзімінен кешіктірілгенде ғана шара қолданылады екен. Ал олар қазылған шұқырды артынша жамап отыра ма, әлде барлығын соңында бір-ақ жамай ма, ол өз еріктері екен. Бастысы нысан межелі уақытында тапсырылса болды.

Шаһар ішінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек ете отырып, шамамыздың жеткенінше тұрғындар көтерген мәселені де қаузадық, жауабын да алдық.Халықтың да уәжін,әкімнің де жауабын бұрыс дей алмаймыз.Бастысы бір істі тындырып, екіншісін бүлдіріп алмасақ болғаны.Оны алдағы уақыт көрсете жатар. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ