Жаңалықтар

Қытайлық ғалым тәжірибесімен бөліспек

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне жұмыс сапарымен Пекин қаласында орналасқан «Солтүстік Қытай электр энергетикалық» университетінің сушаруашылығы саласының профессоры Сяо Фен арнайы келді.

Қытайлық ғалыммен кездесуге басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова, басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова, «Су ресурстары» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Ғалия Омарова қатысты.

Жалпы кездесудің басты мақсаты – су мәселесін оңтайлы шешу жолдарын қарастырып, сала мамандарын тарту мәселелерін талқылау. Бірлесе жұмыс жасау арқылы жастарға білім мен дағдыны пайдаланып, тәжірибе алу негізінде кәсіби салаға қадам басуға мүмкіндіктер ашу.

Сонымен қатар ғалым Сяо Фен бас ғимаратта орналасқан мұражайда М.Х.Дулатидің шығармашылығымен танысып, әйгілі тарихшының жәдігерлері мен қоғамдық қызметін сипаттайтын мұрағат құжаттарына, тарихи фотосуреттерге, сирек басылымдарына қызығушылық танытты.

Айта кетерлігі, екі университет арасында білім беру мен ғылыми іс-қимыл саласындағы өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Сяо Фен «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтында жұмыс жүргізеді.

Ғалым 1 ай бойы семинарлар, лекциялар және мастер-кластар өткізіп, магистранттар мен докторанттарға консультация жүргізетін болады. Сондай-ақ білім бағдарламалары мен оқытушылардың жазған еңбектеріне рецензиялар жазып, университеттің профессор-оқытушылар құрамымен бірлескен мақалалар жариялайды деп жоспарлануда.

«AR-AI»-ақпарат