Жаңалықтар

«Өңірлік ғылымды дамытуға көңіл бөлу керек»

Соңғы жылдары ғылымдағы жаңа трендтер, соны технологиялар біздің елге де келе бастады. Мемлекет басшысы да салаға жіті көңіл бөліп, биыл сәуірде Президент жанындағы Ұлттық ғылым және технология кеңесінің өткен кезекті отырысында, сондай-ақ мамыр айында Алматы қаласындағы Ғылым ордасында өткен үлкен жиында көп мәселенің шетін шығарып, шешу жолдарын ғалымдармен бірге талқылады. Үкіметке үйіп-төгіп тапсырма берді. Бастысы сең қозғалды. Осы ретте жерлесіміз, Қордай ауданының тумасы, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Пәнаралық ғылым орталығының директоры, жас ғалым-ветеринар, Ph.D Қуантар Әлихановты сөзге тартып, отандық ғылымның бүгінгі хал-ахуалы жайлы сұхбат құрғанбыз.

«ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЗЕРТТЕУІНЕ
 18 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ»

– Қуантар Дәуленұлы, әңгімемізді Ұлттық ғылым академиясының ұйытқы болуымен Алматыдағы қазақ ғылымының қарашаңырағы – Ғылым ордасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ғалымдармен өткен кездесуінен бастасақ. Кездесуде көбіне не жайлы айтылды? Бұл кездесу отандық ғылымның алдағы кезеңіне қандай серпіліс бермек? Жалпы өзіңіз қандай әсер алып, нендей ой түйдіңіз?

– Бұл тарихи кездесу болды деп айтсақ, артық емес, себебі жас ғалымдар алдында Мемлекет басшысы үлкен стратегиялық тапсырмалар қойып, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейіп, бюджеттен 18 миллиард теңге қарастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар үздік 10 жас ғалым Президент қолынан пәтер сертификаттарын алып, тағы 190 пәтер берілетіні белгілі болды.

Сондай-ақ нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.Отандық ғылымның дамуына алдағы уақытта қабылданатын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы тікелей әсер етпек.Бұл заңды ҚР Парламентінің Сенаты екінші оқылымда мақұлдады, мұнда ғылыми қызмет субъектілері және олардың құқықтары айқындалады.

Жас ғалымдарды ынталандыру және ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері де қайта қаралып, ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыруға арналған түзетулер де қамтылған. Осыған орай кәсіпкерлерге салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру қарастырылған.Еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруда ең негізгісі, ғылымды мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналдыруымыз қажет. Ғалымдардың, жас ғалымдардың құзыреттілігі мен кәсіби біліктілігінің деңгейін көтеру мәселесін қолға алу керек.

Сондықтан әлемдегі алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарымен қарым-қатынасты нығайтып, олардың заманауи ғылыми әдістемелерін жас ғалымдардың игеруіне мүмкіншілік жасалуы тиіс.Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымды заман талабына сай жабдықтау, оларды заманауи ғылыми зертханалармен қамтамасыз ету өте маңызды.Кездесу барысында Президент өз сөзінде шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынына назар аударып, бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды.

Сондықтан табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек.Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, энергетика, атом энергетикасы, мұнай химиясы, геологиялық барлау, машина жасау, медицина, фармацевтика, биотехнология, ауылшаруашылығы салаларын ілгерілетуге назар аударып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, су ресурстарын тиімді басқару, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу секілді маңызды міндеттерге кеңірек тоқталды.

– Жалпы біздегі қалыптасып қалған көзқарасқа сүйенсек, ғылым дегенде алдымен жастар емес, көбіне егде тартқан, кітапқа көміліп, ой үстінде отырған аға буын өкілдері көз алдыңа келеді. Дегенмен ХХІ ғасырда ғылымға көптеген бетбұрыс жасалып, ғылыми орта жасара түскендей. Осы ретте біздің елде жастардың ғылымға деген қызығушылығы қаншалықты артты?

– Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ғылымды дамытуды қаржыландыру деңгейі алдыңғы үшжылдық бюджетке қарағанда соңғы үшжылдықта 5,5 есеге артып, 716 миллиард теңгені құрады. Ал бір жылдық статистиканы алатын болсақ, 2023 жылы ғылымды дамытуға 149 миллиард теңге бөлінген болса, 2024 жылы 207 миллиард теңге бөлініп, 39 пайызға артты.

Тағы да статистикаға үңілсек, еліміздің ғылыми әлеуеті 25 400 шамасында ғылыми кадрды құрап, алдыңғы жылға қарағанда 13 пайызға көбейген. 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар пайыздық көрсеткішпен 46 пайызға жуық көрсеткішке ие, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жас зерттеушілер 29 пайызды құрайды.Жалпы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын ғылыми қызметкерлердің орта жасы – 44 жас. Тағы бір қызықты факт, отандық ғылымды дамытуға қазақстандық ғалым-әйелдер айрықша үлестерін қосуда.

Олардың ғылыми қызметкерлер арасындағы пайыздық үлесі 53,4 пайызға жеткен.ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президентінің бастамасымен 2024 жылдың ақпан айында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі құрылды.Отандық жас ғалымдардың әлеуеті өте жоғары. Ұлттық құрылтай мен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелігіне енген жас ғалымдар көп.Мәжіліс және Сенат депутаттарымен кездесу кезінде кеңес жас ғалымдарды жүйелі қолдау үшін заңға «Жас ғалым» ұғымын енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ жас ғалымдарды әлеуметтік қорғау шаралары, ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру ережелері мен критерийлері бойынша ұсыныстар берілді. Республиканың жетекші жас ғалымдарын қаржылай қолдау қорын құру ұсынылды.Жоғары оқу орындарымен қатар, ғылыми институттарға PhD даярлаудың толыққанды тетігін беру және «500 ғалым» бағдарламасы аясында шетелдік үздік ғылыми орталықтарында үш жылға дейін постдокторлық зерттеу жүргізуге грант беру ұсынылды.

«БІРҚАТАР ӨҢІРЛІК ИНСТИТУТҚА ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ДЕГЕН СТАТУС БЕРІЛДІ»

– Осы жерде сәл кідіре тұрып, Ұлттық баяндаманы дайындаудағы жас ғалымдардың алатын орнына тоқтала кетсеңіз…

– Тұңғыш рет жас ғалымдар Ұлттық баяндаманы дайындауға мүмкіндік алды. Сөйтіп, осы жылдан бастап Ұлттық баяндамада жас ғалымдардың қызметі мен өзекті мәселелеріне арналған, жетістіктері мен жаңа әзірлемелері бойынша талдаулар көрсетілетін жеке тармақ қосылды. Біздің жас ғалымдар орындайтын ірі ғылыми жобалардың ең негізгі нәтижелеріне тоқталсақ.Медицина және денсаулық сақтау саласында аллергиялық ринит пен бронх демікпесінің иммунотерапиясына арналған «Pollenvax» вакцинасы, сондай-ақ COVID-19 мутантты түріне қарсы адамдар мен жануарларға арналған «NARUVAX-C19» вакцинасы әзірленді. Бір айда адам тіндерімен остеоинтеграцияны жеделдететін титан имплантын беттік модификациялау технологиясы жасалды. Бұл технологияны стоматологиялық имплантологияда қолданудың әлеуеті өте жоғары.

Офтальмология саласында кванттық технологияны қолдану арқылы диагностикалық құралдың прототипі әзірленді. Бұл құрылғы тұрақты көру қабілетінің жоғалуының негізгі себебін – жасқа байланысты макулярлық дегенерацияны ерте анықтауға және скринингке арналған әлемдегі бірегей құрал болып табылады.Электроника саласында өнеркәсіптік желі үшін гетеро-өтпелі фотоэлементтерді өндіру технологиясын оңтайландыру әдістемесі әзірленді және тиімділігі жоғары фотоэлектрлік модульдер шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде.

Органикалық химия саласында бензофуроксандар негізінде ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің стимуляторлары мен реттегіштері – жаңа «гибридті» суда еритін тұздар алынды.Генетика саласында, генетикалық зерттеулер арқылы қазақ шежіресі миф емес, оның тарихи – генеалогиялық деректері генетикалық тұрғыда бірнеше рет расталды. Қазақ тайпаларының негізін қалаушы – ата-бабаларымыздың көпшілігінің түп-тамыры Жошы ұлысынан бастау алатыны анықталды.

Қолға үйретілген және жабайы жануарларды генотиптеу саласында толық геномдық қайта секвенирлеу, SNP – қазақ тұқымды жылқыларды, қазақ ақбас тұқымды ірі қара малды, Орал және Бетпақдала популяцияларындағы ақбөкендерді генотиптеу жүргізілді.Фольклортану саласында – мәдени мұраны зерттеу, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 10 том «Дала фольклоры антологиясы», 5 том «Ұлы даланың ежелгі халық ертегілері», 3 том «Ежелгі әдебиет антологиясы» жарық көрді.Іргелі математика саласында шеткі есептер зерттеліп, эллиптикалық типті төрт өлшемді теңдеулер үшін олардың шешімдерін құру әдістері және жады бар гиперболалық типті теңдеулер үшін жергілікті есептерді шығару әдістері әзірленді.

– Мемлекет басшысы соңғы жағдайларға байланысты ғылыми технологиялық болжау және оның алдын алу секілді маңызды міндеттерді назарға алуда, Ұлттық ғылым академиясының базасында форсайттық зерттеулер жүргізуде, осы бағыт бойынша айта өтсеңіз…

– Қазіргі таңда отандық ғылымдағы өзекті мәселе – ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтау. Егер технологиялық тұрғыдан дамыған елдердің тәжірибесімен салыстыратын болсақ, біздің елде басымдықтар көп жағдайда қаржыландыруды негіздеуге қызмет етеді және мемлекеттің қажеттіліктеріне емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне қарай бағытталған.

Осыған байланысты Ғылым академиясының базасында форсайттық зерттеулер мен технологиялық болжау негізінде және дамудың әлемдік трендтерінің, еліміздің ғылымының, экономиканың нақты жай-күйін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізілді.

Бұл жүйенің мәні – ғылыми негізделген форсайтты жүргізу. Атап айтқанда, еліміздің экономикасы мен ғылымының ағымдағы жай-күйін кешенді бағалау, әлемдік трендтерді мониторингтеу, болашақ технологияларын болжау. Қазіргі таңда бұл жұмыстар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүзеге асырылуда. 

Осы жұмыс аясында академия ғылымды мемлекеттік қаржыландырудың басым бағыттарын қалыптастыру кезінде пайдаланылатын экономиканың нақты секторының мәселелерін шешуге бағытталған ғылымның перспективалық бағыттарын талқылау үшін сараптамалық қоғамдастықпен (ЖОО, ҒЗИ басшылары, жетекші ғалымдар, бизнес өкілдері) форсайт сессияларын өткізуде.Биылғы жылы академия келесі бағыттар бойынша форсайттық зерттеулер жүргізуде:

Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауылшаруашылық өнімдерінің қауіпсіздігі; Геология, минералдық және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар; Энергетика және машина жасау; Өмір және денсаулық туралы ғылым; Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар; Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін ұтымды пайдалану, экология.

Форсайттық зерттеулер аясында өткізіліп жүрген форсайт сессияларға ғылыми қауымдастық және бизнес өкілдері белсене қатысып, қызу талқыланып, өз кеңестері мен ұсыныстарын айтып алғыс білдіруде. Осы бағыт бойынша барлық жүргізіліп жатқан жұмыстар Академияның ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында бөлісіп, жарияланып, кері байланыс орнатылуда. 

– Қуантар Дәуленұлы, қазіргі таңда ғылым мен жергілікті атқарушы органдардың арасындағы байланыс, жалпы қазір өңірлердің ғылыми әлеуеті қандай?

– Бізде өңірлердегі ғылымды дамыту мәселелерінде теңгерімсіздік айқын байқалады. Өңірлерде зерттеуші-мамандардың 35 пайызы ғана жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі Алматы, Астана қалаларында шоғырланған. 1 мың тұрғынға шаққанда зерттеуші-мамандардың саны (яғни бұл абсолютті емес, салыстырмалы көрсеткіштер) Ұлытау облысында Алматы қаласымен салыстырғанда 68 есеге, Алматы облысында 28 есеге, Түркістан облысында 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында 18 есеге, ал Жамбыл облысында 13 есеге төмен.

Ғылымды қаржыландыру бойынша да Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр, олардың үлесіне барлық ішкі шығындардың 66 пайызы, бағдарламалық-мақсатты және базалық қаржыландырудың 79 пайызы, гранттық қаржыландырудың 75 пайызы тиесілі. Жергілікті бюджеттерден бөлінетін ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен болып отыр. Мысалы, ол 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың бар болғаны 0,4 пайызын құрады.

Ал 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді.Сондай-ақ дамыған елдерде технологиялық дамудың ажырамас элементі болып табылатын және ғылым мен бизнес арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ.

Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.

Өңірлік ғылымды дамыту мәселесін шешуге және оның өндіріспен байланысын нығайтуға қатысты міндеттерді орындау үшін Ұлттық ғылым академиясы биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты бастамасымен өңірлерде Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру ұсынылып, Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты.

Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, осылайша елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайта отырып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылым академиясы Президиумының Жамбыл облысындағы көшпелі отырысы нәтижесінде пилоттық режимде Президенттің тікелей тапсырмасына сай «Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес» құрылып, оған облыс әкімі төрағалық ететін болды. Кеңес құрамына мәслихат депутаттары, жетекші ғалымдар мен бизнесмендер енеді.

Кеңестің өңірде ғылымды, инновацияларды дамыту, қаржыландыру және кадрлар даярлау мәселелері бойынша өз өкілеттіктері шеңберінде қабылдаған шешімдері өңірлік мемлекеттік құрылымдар, университеттер, колледждер және ғылыми ұйымдар үшін міндетті сипатқа ие болады. Олар өңірдегі ғылымды дамытудың басым бағытын анықтап, білімді тарату, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, шетелдік технологияларды трансферттеу бойынша іс-шаралардың негізгі ұйымдастырушысы болады.

Сондай-ақ өңірлік кеңестер кадрларға деген сұранысқа, оларды даярлау сапасына мониторинг жүргізіп, осы істе бұрмалануды болдырмау мақсатында қандай мамандықтарды дайындауды қысқарту немесе ұлғайту қажеттігі жөнінде ұсыныстар енгізеді. Кеңес отырыстарында барлық меншік нысанындағы оқу орындары мен ғылыми ұйымдар басшыларының өңірде ғылымды дамыту және кадрларды даярлау сапасы жөніндегі есептері тыңдалады.

Ол өңірді орталық ғылыми ұйымдармен, университеттермен байланыстырушы буын болып, жергілікті мәселелерді барынша терең зерттеуі үшін оларды талдау материалдарымен қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда мұндай мәселелерді шешуде елдің ірі ғылыми орталықтарының мүмкіндігін пайдаланатын болады.

Тоқетерін айтқанда, жалпы соңғы бес-алты жылда отандық ғылымның алға жылжуында, оның ішінде жас ғалымдардың аяқ алысында біршама серпіліс байқалады. Бұл бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай Үкіметтің ұлттық ғылымға көңіл бөле бастағанының айқын көрінісі.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан
Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ