Жаңалықтар

Мойынқұм молшылық мекені

Мойынқұм облыс орталығынан 380 шақырым қашықта жатқан аудан. Мұнда 28 347 халық тұрады. Ауданның ұстанатын экономикалық бағыты – малшаруашылығы мен өнеркәсіп. 16 ауылдық округ, 24 елді мекеннен тұратын Мойынқұмда мемлекет тарапынан халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, ауданды дамытуға берілген мүмкіндіктер сәтімен пайдаланылуда. Нәтижесінде биылғы жылдың 7 айында ауданның бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасыпты.

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ ӨРГЕ БАСУДА

Мәселен, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 63 миллиард теңгені құрау арқылы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,7 миллиард теңгеге артып, нақты көлем индексі 100,8 пайызға жеткен. Аудан өнеркәсібінің облыс өнеркәсібіндегі үлесі – 12,7 пайыз. 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өндірісі 58,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,5 пайызға орындалған екен. Өнеркәсіп өнімдері көлемінің жылдық болжамы 97,1 миллиард теңге, нақты көлем индексі 102,5 пайыз болады деп күтілуде.Жалпы экономиканың тұрақты өсуі сауда айналымының жақсаруы мен инвестицияның тұрақты тартылуы, құрылыс, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді негізгі салаларда атқарылған жұмыстарға тікелей байланысты.

Сондықтан ауданда инвестиция тарту ісі бойынша кейбір тірліктер кешеуілдеп жатқанын айта кетуіміз керек.Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақовтың айтуынша, жылдың 7 айында ауданда 1 161 килограмм алтын, 296 килограмм күміс, 985,8 мың тонна цемент, 402,4 мың тонна әктас, 102,4 мың тонна барит концентраты, 37,5 мың тонна барит рудасы,14,3 мың текше метр гранит, 20 мың тонна көмір, 66,3 тонна балық және өзге де өнімдер өндіріліпті. Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 3 миллиард теңге болса, нақты көлем индексі 98 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 82,7 пайызды көрсеткен. 

– Меженің орындалмау себебі «Shagala Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты болып отыр. Өйткені серіктестік катодты мыс өндіруді Мыңарал елді мекенінде жүзеге асыру арқылы инвестициялық жоба бойынша алатын техникалары мен құрылғыларының есебінен қол жеткізуді жоспарлаған болатын. Алайда аудан аумағында катодты мыс өндіруші «Shagala Mining» серіктестігінің инвестициялық жоба аясында алған техникалары мен құрылғыларының құжаттары дұрыс болмағандықтан уақытылы заңдастыру жұмысы жүргізілмеді. Салдарынан бұл инвестиция көрсеткішіне кері әсерін тигізді.


Есепті мерзімде құрылыс жұмыстарының көлемі 21 миллиард теңгені, нақты көлем индексі 182,9 пайызды құраған. Құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық болжамы 29,6 миллиард теңге болады деп жоспарлануда.Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 391 шаршы метр болса, меже 103,8 пайызға орындалыпты. Бөлшек сауда айналымының көлемі 2,4 миллиард теңгені құраған.2024 жылдың 1 тамызына меншікті кірістер 1682,5 миллион теңгеге жетіп, (жоспар – 801,4 миллион теңге) жоспар 2,1 есеге орындалған. Бюджетке 881,1 миллион теңге жоспардан артығымен түскен.

Салықтық түсімдер бойынша жоспар 795,2 миллион теңге болса, меже 1658,1 миллион теңгеге немесе 2,1 есеге орындалып, жоспар 862,9 миллион теңгеге артығымен еңсерілген. Оның ішінде «Мыңарал тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша біржолғы түсім корпоративтік табыс салығынан 200 миллион теңге алынған. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 6,2 миллион теңге болса, нәтиже 20,1 миллион теңгені көрсетіп, 13,9 миллион теңге жоспардан артық түскен.

Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 4,3 миллион теңгені құраған.Аудан бюджетінің шығындары бойынша 2024 жылдың 1 тамызына жоспарда 3491,5 миллион теңге болса, нақты 3259,9 миллион теңгеге, яғни 93,4 пайызға орындалыпты. Бір айта кетерлігі, табиғи сипаттағы және құжаттамалық бірқатар себепке байланысты бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан 231,6 миллион теңгенің қаржысы игерілмепті.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРСА –
 ЕЛ ИГІЛІГІ

Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруын елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуінен де аңғаруға болады. 2024 жылы жол саласына 559,7 миллион теңге бөлініпті. Қаралған қаржы есебінен елді мекен көшелерінің 22,06 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол жөндеу бойынша барлығы 7 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы бойынша 1 жоба жүзеге асырылып, 2,7 шақырым Көкжелек ауылына кіреберіс, аудандық мәндегі автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу үшін 70,1 миллион теңге қарастырылған екен.

– Сонымен қатар Ұланбел ауылының ұзындығы 3,9 шақырымды құрайтын 3 көшесі, Көкжелек ауылының 2,73 шақырым көшесі, барлығы 6,63 шақырым көше жолдары 136,7 миллион теңгеге жөнделді. Тарқата айтқанда, Ұланбел ауылындағы Бегенов көшесінің 1,1 шақырымы, Төле би көшесінің 1,2 шақырымы, Қазақстан көшесінің 800 метрін орташа жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жоба құны 128,7 миллион теңгені құрады.

Оның ішінде аудандық бюджеттен 65,4 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланды. Мердігер «AYAN B HOLDING» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 118,8 миллион теңгеге асфальт жамылғысын төсеп, жол белгілерін қою жұмыстарын жүргізуде.Көкжелек ауылында Сырғабаев көшесінің 1 шақырымы, Жабаев көшесінің 480 метрі, Смағұлов көшесінің 650 метрі, Әубәкіров көшесінің 0,6 шақырымы орташа жөндеуден өткізілуде. Құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құны

– 142,5 миллион теңге. Аудандық бюджеттен бөлінгені – 71,3 миллион теңге. Мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланып, мердігер «Ал Кон Сер лтд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып анықталды. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2 жоба аясында 5,6 шақырым жол 263,2 миллион теңгеге жөнделуде. Мыңарал ауылындағы Садықов көшесінің 3,7 шақырымын, Сейфуллин көшесінің 1,6 шақырымын орташа жөндеуден өткізу үшін 251,8 миллион теңге қаралды.

Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер «Ал Кон Сер лтд» серіктестігі 220,8 миллион теңгеге шағал тас төсеп жатыр.Айдарлы ауылында Итбасов көшесінің 0,155 шақырымына, Орынбаев көшесінің 132 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 11,4 миллион теңге қаралды. Мердігер «Ал Кон Сер лтд» серіктестігі тарапынан қазіргі таңда асфальт жамылғысы төселді.Аудандық бюджеттен Мойынқұм ауылындағы Омаров көшесін (1,4 шақырым) мердігер «Hunter» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 76,8 миллион теңгеге орта жөндеуден өткізуде. Нысан құрылысы ерте аяқталатын еді.

Алайда Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жүргізілуі өз әсерін тигізді. Осылайша асфальт төсеу жұмыстары тамыз айында қолға алынды.Күшаман ауылында Өскенбаев көшесінің 2 шақырымын, Тоқбаев көшесінің 1,4 шақырымын орта жөндеуге 101,9 миллион теңге бөлінді. «Ал Кон Сер лтд» серіктестігі 93,2 миллион теңгеге асфальт жамылғысын төсеп, жол белгілерін орнатты. Сонымен қатар Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін 555,5 миллион теңге қаржы қаралған. Жыл басында мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланды.

Сөйтіп, «ЖБИ-С» серіктестігі жеңімпаз болып анықталды. Бірақ Радай өзенінде ағын судың қарқыны қатты болуының салдарынан өткел салу мүмкіншілігі болмай, құрылыс жұмыстарын бастауға кедергі келтірді. Алайда 15 мамырда ауылішілік тоғандарға су бұру жұмыстары жүргізіліп, өзеннің ағыны саябырсып, мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын бастау туралы тапсырма берілді. Бірақ 24 мамырдан бастап «Тасөткел» суқоймасынан бүгінгі күнге дейін секундына 86 текше метр су өзенге түсуде.Бұл жағдай құрылыс жұмыстарын бастауға үлкен кедергі келтірді.

Дегенмен қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып, айналма жол салынып, демонтаж жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев.Аудан бойынша 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етіліпті. Оның ішінде Мыңарал, Ұланбел, А.Назарбеков, Қарабөгет, Сарыөзек, Айдарлы, Көкжелек, Қылышбай ауылдарында тәулік бойы, Мойынқұм, Құмөзек, Жамбыл, Күшаман, Бірлік, Биназар, Хантау, Қияқты, Мирный, Бурылбайтал стансасы, Мыңарал стансасы, Шығанақ ауылдарында 4-12 сағат аралығында ауызсу беріледі екен. Қазіргі таңда ауданда сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген 4 елді мекен қалыпты.

– Ақсүйек ауылының ауызсу құбыры құрылысының жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін толығымен аяқталған. Бірақ барлық құбырларды тексеру және іске қосу мүмкін болмағандықтан қабылдап алу жұмыстары жүргізілген соң берілетін қаражат осы жылға өтпелі ретінде қалдырылған болатын. Десе де нысанды қабылдау жұмыстары биылғы жылдың тамыз айының соңында жүргізілді. Хантау ауылының ауызсу құбыры құрылысының жұмыстары өткен жылдың соңына дейін аяқталуы қажет болған.

Бірақ екі мердігер қорытынды хаттамамен келіспеуіне байланысты сот процесі жүрді. Сот үдерісі қыркүйек айында аяқталып, шешім қазан айында күшіне енді. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталып, нысанды жыл соңына дейін аяқтау мүмкіндігі болмауына байланысты 100 миллион теңге осы жылға өтпелі ретінде қалдырылған болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қабылдау жұмыстары қазан айының соңында жүргізіледі.

Сондай-ақ Ақбақай ауылын ауызсумен жабдықтау және су тарату жүйелерінің құрылысына Ұлттық қор мен облыстық бюджет көздерінен 1,5 миллиард теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу порталына салынып, мердігерлері анықталды. «Интелект Азия» серіктестігі мердігер болып анықталды. Келісімшарт бойынша 2 ұңғыма қазу жұмысы жүргізіліп, 8 шақырым магистраль құбырлары орнатылды.

КАНАЛДАРДЫҢ ЖАҒАЛАУЫ
НЫҒАЙТЫЛУДА

Айдарлы ауылындағы №2 орта мектепте өткен жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстары 100 пайызға аяқталыпты. Мектеп биылғы оқу жылында оқушыларды қабылдаған. Сонымен қатар 2023 жылы басталған Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков орта мектебінің де күрделі жөндеу жұмыстары мәресіне жеткен. Мектепте қазір оқушылар білім алуда.Мыңарал және Қарабөгет ауылдарындағы мектептер апаттық жағдайда болғандықтан жабылған болатын.

Биыл бұл 2 жобаға республикалық бюджеттен жалпы 3,4 миллиард теңге бөлініп, Мыңарал ауылында 120 орындық және Қарабөгет ауылында 80 орындық жаңа мектеп ғимараттары бой көтеруде. Қазіргі уақытта 2 мектептің құрылыс жұмыстары жүруде.2025 жылы Қылышбай ауылындағы Төлепбергенов мектебін, Мойынқұм ауылындағы Жамбыл мектеп-гимназиясын, Көкжелек ауылындағы Б.Момышұлы мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.Ақсүйек ауылындағы «Сказка», Шығанақ ауылындағы «Қуаныш», Мойынқұм ауылындағы «Құлыншақ» балабақшаларына күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірлеу үшін тиісті басқармадан қаржы сұрауға өтінім беріліпті.

2024 жылы Сарыөзек ауылындағы медициналық тірек ғимаратының құрылысына (жобалық құны – 118,3 миллион теңге) және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына (жобалық құны – 84,0 миллион теңге) облыстық бюджетті нақтылау барысында қаржы қаралыпты. Бүгінде жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Аталған нысан жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.

Ауданда 39 мәдениет ошағы халыққа қызмет көрсетіп тұрса, оның бірі аудандық мәдениет үйі, 20-сы кітапхана, 18-і ауылдық клуб. Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Айдарлы ауылында 90 орындық клуб пен кітапхана құрылысына 225,4 миллион теңге қаржы қаралыпты. Бүгінде мердігер компания анықталып, құрылыс жұмыстары басталған. Аталған нысан қаржысы өтпелі болуына байланысты 2025 жылы мамыр айында ел игілігіне ұсынылмақ.Ауданда барлығы 151 спорт нысаны бар. 11 429 аудан тұрғыны немесе аудан халқының 40,1 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады екен.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған Айдарлы ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы әлі де жүргізілуде. Жоба құны – 359,2 миллион теңге. Қазіргі уақытта ішкі жұмыстар мен әйнектерін салу жұмыстары атқарылуда. Нысан осы айда пайдалануға беріледі.Сонымен қатар биыл аудандық бюджеттен Қияқты және А.Назарбеков ауылдарына футбол алаңшаларын салу үшін 44 миллион теңге бөлініпті. А.Назарбеков ауылындағы футбол алаңшасы пайдалануға берілген.

Қияқты стансасындағы футбол алаңшасы бойынша мердігер компания анықталып, келісімшарт рәсімделген. Жаңа футбол алаңшасы тамыз-қыркүйек айларында салынады. Сондай-ақ аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен Бірлік, Ұланбел, Мыңарал ауылдарынан балаларға арналған ойын мен футбол алаңшалары салынып, биыл пайдалануға беріледі екен.

2019-2023 жылдар аралығында Мойынқұм ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына бірнеше ауылдық округ қатысқан. Атап айтар болсақ, олар – Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтері. Жоба басталғалы ауданға 2,4 миллиард теңге инвестиция тартылған.

– «Ауыл аманаты» жобасының бірінші бағыты, яғни «Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану» аясында 133 гектар жерден өнім алу үшін 11,3 миллион теңгеге бақша дақылдары егіліп, өнім алынды. «Малшаруашылығын дамыту» бағыты бойынша 1,4 миллиард теңгеге 5 034 бас мал сатып алынып, оң нәтиже байқалды.Жоба шеңберінде жаңадан құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне «Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану» мақсатында 411,5 миллион теңгеге 57 жаңа техника мен қосалқы техникалар тапсырылды.

«Ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашу» бағыты аясында бір азамат 6,6 миллион теңгеге наубайхана ашып, ауыл тұрғындарының алғысын алуда.2024 жылы елді мекендерді ағынсумен қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылығы саласына 74,9 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына салынып, жеңімпаздары анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде тоғандарды байлау, нығайту жұмыстарына 55,7 миллион теңге, механикалық тазалау жұмыстарына 5,5 миллион теңге, мал қоралары құрылысына 13,7 миллион теңге қаралды. Жамбыл және Қызылотау ауылдық округтеріндегі механикалық жұмыстар және Байбарақ каналының жағасын нығайту жұмыстары толық аяқталды.

Аудан халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруы жұрттың жұмыспен қамтылуымен де өлшенетіні белгілі. Осы жылдың соңына дейін ауданда 2 136 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған екен. Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысымен 1 404 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Осы жылдың 1 тамызында аудан бойынша жұмыссыздар саны 826 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды көрсеткен. Жұмыссыздықпен күрес ауданда жалғасын таба бермек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ