Жүйелі жұмыс жалғасын табады
Оқушылар тағы бір жаз мезгілін артқа тастап, жаңа оқу жылына қадам басты. Өткен оқу жылында Жамбыл ауданының білім беру саласында оң нәтижелерге қол жеткізіліпті.
Дегенмен жеткен жетістікке, табысқа тоқмейілсуге, тоқтауға болмайды. Өйткені мемлекеттің адами капиталының әлеуеті, интеллектуалды болашағының көрсеткіші – сапалы білім, озық ғылым. Осы орайда Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова алдағы уақытта да салаға серпін беру мақсатында тиісті жұмыстар жоғары деңгейде жалғаса беретінін айтты. Жалпы бүгінде аудандағы мектептерді жаңғырту 6 бағытта жүзеге асырылуда.
Атап айтсақ, жаңа мектеп құрылысы, күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, мектептерді модификациялық пәндік кабинеттермен жабдықтау, білім алушылардың дамуына ықпал ететін кітапхана, асхана, спортзал сынды маңызды нысандарды талапқа сәйкестендіру, мектеп жиһаздарын жаңарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VІ отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елімізде 1 000 жаңа мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес өткен оқу жылында Шоқай ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы Шайдана және Бәйтерек ауылдарында құрылысы басталған 2 мектеп ел игілігіне тапсырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта Қостөбе ауылында 100 орындық, Қызылдихан ауылында – 150, Қапал ауылында – 80 және Рахат ауылында 80 орындық мектептің құрылысы басталады.
2026 жылы Қоңыртөбе ауылында 100 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шайқорық ауылынан 600 орындық мектеп құрылысы және Тоғызтарау ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектепке жапсарлас ғимарат салу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 19 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталыпты.
– Оқу ғимараттарын заманауи құрал-жабдықтармен, модификациялық кабинеттермен қамту деңгейі 86 пайызға жетті. Өткен жылы 78 пайызды құраған болатын. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, Аса ауылындағы №1 орта мектепке «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 250 миллион теңге бөлініп, толықтай жаңа мектеп жиһаздары алынды. Сонымен қатар 18 мектепке сынып жиһазы алынды.
«Жомарт түлек» жобасының да мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуда үлесі зор екенін айтпай кетуге болмайды. Бүгінге дейін жоба аясында 16 миллион 393 мың теңгеге 85 жоба іске асырылды.Бала мектепте, балабақшада, жалпы білім беру нысанында өзін барынша қауіпсіз санауы қажет. Осы мақсатта 2024 жылы 23 мектеп, 3 балабақшаға дабыл түймесі орнатылды, 12 орта мектеп мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуы тиіс екенін айтып, нақты тапсырмалар берген еді. Осы ретте Зәуре Абдирасиловадан балаларға сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,
Жамбыл ауданы