Айрықша акцияға атсалысқандар аз емес
Көктемде басталып, 700 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы күздің алғашқы аптасында жалғасын тапты.
«Күзгі тазалық» тақырыбында өткен акция аясында Тараз қаласының «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан көпсалалы балалар ауруханасының маңы қоқыстардан тазартылды.Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Айша бибі кесенесінің аумағында ауыл ақсақалдары мен ардагерлері және жастар бірлесіп күтіп-баптау, тазалау жұмыстарын жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған игі шара аясында Байзақ ауданының Сарыкемер, Шу ауданының Төле би және Алға ауылдық округтерінде жастар еңбек ардагерлері, тыл, жалғызбасты қарттардың аулаларында суару, арықтарын тазалау, әктеу, қоршауларды сырлау жұмыстарын атқарып, көмек қолдарын созды.
Қордай ауданының тұрғындары да жеке аулаларын тазарту жұмыстарына бір мезгілде белсене атсалысты.
Жуалы ауданының жастары «Шақпақ әулие» ескерткішінің маңын, ардагерлер мен жастар аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізсе, Меркі ауданында «Достық» паркі, Т.Рысқұлов ауылдық округінде орталық саябақ қоқыстан тазартылды.
Мойынқұм ауданында Шу өзенінің адамдар аялдайтын орындарында тазалық акциясы ұйымдастырылды.Айрықша акция Жаңатас қаласында адамдар көп жүретін теміржол вокзалында, «Ақбұлақ» демалыс аймағы мен көпқабатты тұрғын үйлердің маңында жүргізілді.Экологиялық акцияға 500-ге жуық адам қатысты.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі