АЭС салу – уақыт талабы
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын телеарнадан зер сала тыңдадым. Мемлекет басшысы елімізде атом электр стансасын салу мәселесі референдум өткізу арқылы шешілетінін айтты.
Қоғамда «Қазақстанға АЭС керек пе?» деген сауал қазіргі уақытта қызу талқылана бастады. Атом электр стансасының пайдасы орасан. Осы жоғары қуат өндірісі арқылы біз көмір, мұнай, газ секілді табиғи отынды тұтынудан бас тартамыз.Болашақта электр жарығына тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдауымыз керек. АЭС-тің арқасында ең алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жеткізіледі.
Одан кейін экологияға зияны жоқ «жасыл» аймаққа айналамыз. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептеймін.Жалпы Қазақстан жеріне атом электр стансасын салу туралы бастама бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ.Бұрыннан талқыға салынып, көптен бері айтылуда.Атом энергетикасы атмосфераны ластамайды. Біздің планетамыздағы климаттың тез нашарлауына, топырақтың ластануына және мұхиттардың қышқылдығының жоғарылауына әкелетін парниктік газдар шығармайды.
АЭС құрылысы экономикалық өсуді және жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді.Атом энергетикасының дамуы, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің өсуіне және жоғары технологиялық өнімдер экспортының көлеміне ықпал етеді. Адам қызметінің көптеген басқа салаларын дамытады.Кемшіліктері де бар, әрине. Оған көз жұма қарауға болмайды. Көптеген елде атом энергетикасына қатысты қоғамдық пікір бүгінгі күнге дейін екіге жарылып отыр.
Жағымсыз пікір қалыптастыруға АЭС тарихындағы апаттар себеп болғаны анық. Атом электр стансаларындағы апаттардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына зияны орасан зор болмақ. Мұндай апаттарға мысал ретінде 1986 жылғы Чернобыль атом электр стансасындағы және 2011 жылғы Фукусимадағы апатты айтып өтуге болады. Алайда ғылым мен білім жыл өткен сайын дамуда. Сондықтан кез келген қауіп-қатердің алдын алуға болады деп есептеймін.
Жексен ТӨЛЕУБАЕВ,
Тараз қаласының тұрғыны