Мәдениет

Асыл әкем

Асыл әкем

Менің өмірдегі ең үлкен қорқынышым сенің көңіліңді калдырып алмау болатын. Мен бала күнімнен сенің мақтанышың болуды армандадым. Оқуда да, өнерде де жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырыстым. Сені көрген жан «қызың ғажап жан» деп айтса екен дедім. Менімен мақтансаң екен дедім. Себебі мен сенің осы өмірде қол жеткізген ең асылың едім. Перзентің едім. Ал, перзентінің нашар болғанын адам түгілі хайуан да қаламайтыны сөзсіз ғой. Сол үшін өз-өзіме жауымдай қатал болдым. Қалаға келгенде де сенің берген тәрбиең мен мейіріміңе қылдай қиянат жасауға жол бермедім. Алдымда арманым, артымда сенің сенімің тұрды. Мен үшін еткен еңбегің, ағарған шашың, ар-абыройың тұрды. 

Бала кезімде жүрегің ауырып қалғанын көрген сайын «шіркін, оған жүрегімді бере алсам ғой» деп армандайтынмын. Сенің жүрегіңді ауыртар әрекетті ешқашан жасамаймын деп іштей серттенетінмін және соған имандай берік едім. Қазір де солай. Болашақта да солай болады. Менің осы ғұмырымдағы ең үлкен жетістігім – сенен ешқашан ұрыс естімегенім. Ешқашан маған дауыс көтермесең де анам «әкеңе айтам» дегенде зәре-құтым қалмаушы еді. Оның «әкеңді жерге қаратпа» дегені бала күндегі ең үлкен мотивациялық сөз болатын. Сен туралы айта берсем өте көп. Қысқасы ерге тән қасиеттің ең жақсылары сенің бойыңда. Сен сол үшін ұлысың. Сен сол үшін қаһармансың. Сенің берген тәрбиең мені күллі ер адамды сыйлап, құрметтеуге жеткізді. Аман болшы, асыл әкем. Әр өткен секунд адамды есейтеді. Әрине, есейген адам ақыл тоқтатып, арлы-берлісіне көз жүгіреді. Алайда, есейген деген осы екен деп қатып қалуға тағы болмайды. Менің санамда адам қай жасқа келсе де жүрек түкпірінде титтей болса да сәбидей пәктік қалу керек деген пікір бар. Адам сонда ғана бақыттың дәмін сезеді. Сонда ғана құлай сүйе алады. Сонда ғана кіршіксіз, шүбәсіз сене алады. Сонда ғана риясыз күле алады. Адам жаның азбасына одан артық не керек..