Жаңа оқу жылында 500 мыңнан астам бала мемлекеттен қолдау алды
Мемлекет әлеуметтік жағынан осал отбасылардағы 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетті. Биылғы жылы жалпыға бірдей білім беру қорынан ата-аналардың есепшоттарына 22,2 млрд теңгеден астам қаражат аударылды, деп хабарлайды arainfo.kz. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі облыстық білім басқармаларына сілтеме жасап мәлімдеді.
Қолдау атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардағы мектеп оқушыларына көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, өтініш бергендердің 100 пайызы мемлекеттен қаржылай көмек алған.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жыл сайын 30 қыркүйекке дейін жалғасатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Бүгінгі күні акция аясында ондаған мың отбасы демеушілердің көмегіне ие болды.