Ардың жүгін арқалаған арулар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар мен құралдар» атты конференцияда ел тарихындағы әйел, аналардың алатын орнының маңызды екенін айта келіп: «ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, аруларымызға тән ғажайып үйлесім, айрықша ұмтылыс, әр іске деген шығармашылық көзқарас, еңбекқорлық пен жауапкершілік – ұлтымыздың жаңа болмысын нығайтатын қасиеттер!» – деп, әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы екенін атап өткен болатын.
Президентіміз атап өткендей, Қазақстан әйелдері отбасы қам-қарекеті, балалар тәрбиесімен қоса, ел игілігін арттыруда да қоғам алдындағы міндетін адал атқарып келеді. Тек білім мен ғылымда, өнер мен саясатта емес, азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер өте көп. Осы орайда жауапкершілігі мол салада ерлермен иық тірестіріп қатар жүрген нәзікжандылардың ел игілігі мен мемлекет мүддесі жолындағы абыройлы жұмысымен танысқанды жөн көрдік.
МІНДЕТІНЕ АДАЛ
МАДИНА
Қандайда бір қауіп төнгенде, оқыс жағдайды дәптерге тіркеп, телефонға жауап беріп, құтқарушылар мен өртсөндірушілерге бағыт-бағдар беретін диспетчер мамандарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мадина Қуатбекова диспетчерлік бөлімде 15 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Бір қызығы, Мадинаның жолдасы Жеңіс Қайнарбаев та, анасы Роза Манбайқызы да өрт сөндіру саласында жұмыс істейді. Жолдасы Жеңіс Қайратұлы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жоспарлау және жедел басқару орталығын басқарады. Аға сержант Мадина Ержанқызы жұбайы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.
– 101, 112-ге түскен қоңырауға жауап беріп, өрт немесе басқа да оқыс оқиға орын алған жағдайда көмекке өртсөндірушілерді жібереміз. Әрине, бізге ешкім тегіннен-тегін хабарласпайды. Кейде балалар себепсізден-себепсіз, яғни ойнап қоңырау шалады.
ҚҰТҚАРУШЫ-ПСИХОЛОГКЕ
АРТЫЛҒАН СЕНІМ МОЛ
Жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологі Нәзира Акилованың есімі әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Құтқарушы-психолог – қарапайым психолог дегенге қарағанда әлдеқайда салмақтырақ естіледі. Расымен де бұл мамандықтың өзіне артқан жүгі біз ойлағаннан да ауыр екен. Жедел құтқару жасағында жұмыс істейтін құтқарушы-психологтің бір күні екінші күніне ұқсамайды. Өйткені қалада күнде бір-біріне мүлде ұқсамайтын оқиғалар орын алып жатады.
– Психолог болу оңай жұмыс емес. Өйткені ол, ең бірінші, алдындағы адамның ішкі жандүниесіне үңіле білуі, оны түсіне білуі тиіс. Сондай-ақ сенімді байланыс орнатып, сол сәттегі жағдайымен еркін бөлісе алатындай дәрежеге жеткізуі қажет. Ал құтқарушы-психологтің жауапкершілігі тіпті үлкен. Бұл жерде тікелей адам өмірі сол құтқарушы психологпен жіті байланысты.
Жұмысым мені күн сайын шыңдап, шынықтырып келеді. Алғаш жұмысқа келгенде көңілшек, барлық нәрсені жүрегіммен қабылдайтын едім. Қазір психологиялық тұрғыда едәуір есейдім. Жұмыста сен жассың, әйелсің, ерсің деп бөлінбейді. Бұл жерде сен қатардағы қызметкерсің.Сондықтан өзіңе қойылған талапты орындап, тәртіпке бағынасың. Күн сайын түрлі қоңыраулар болады. Есіктің іштен құлыпталып қалуы, өрт, жол-көлік оқиғалары, табиғат апаты секілді жағдайларда міндетті түрде құтқарушылармен қатар, құтқарушы-психологтер да бірге жүреді.Алдымен зардап шеккен адамға психологиялық тұрғыда көмек көрсетеміз. Төтенше жағдайға тап болған адам қобалжып, құтқарушылардың жұмысына да кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан біз ол адамдармен психологиялық тұрғыда сөйлесіп, сабырға шақырамыз, – деген Нәзира әр оқиғадан өміріне үлкен сабақ алатынын айтты.
Азаматтық қорғау подполковнигі Нәзира Әбдірасылқызы азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Кейіпкеріміз 2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс кезінде жоғары кәсібилігін көрсетті. Өйткені қаза тапқан өртсөндірушілердің туыстары мен жақындарына қаралы хабарды жеткізуге мәжбүр болды. Барлық отбасыларға психологиялық көмек көрсетіп, қолдау білдірді. Білікті маманның еңбегі ескерусіз қалмай, 2021 жылы ҚР Төтенше жағдай министрінің «Төтенше жағдайға белсене қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Қызметінде үздік маманның бірі ретінде танылған Нәзира отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Азамат екеуі 3 ұл тәрбиелеп отыр.
МАМАНДЫҒЫ – МАҚТАНЫШЫ
Ал азаматтық қорғау майоры Мадина Гарифова – өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы. Өрт сөндіру қызметі саласында он жылға жуық қызмет етіп келеді. Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мадина қасиетті Толағай тауының етегінде бойжетіпті. Еңбек жолын радиобайланысшы болып бастаған.
– Мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр қызметі – персоналмен жұмысты ұйымдастыруға жауапты дербес құрылымдық бөлімше. Кадр қызметінің басты міндеті – корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік органда қолайлы әлеуметтік-психологиялық еңбек ахуалын дамыту. Жұмысым құжаттармен байланысты. Құжатсыз жұмыс орындалмаған болып саналады.
Мадина өз ісіне берілген жан. Бос уақытында йогамен айналысып, өзіне уақыт бөледі. Ендігі мақсаты – адал жар табу.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА