Жаңалықтар

Мәңгілік сағынышқа айналған жазушы

Осыдан үш жыл бұрын өмірден өткен классик жазушы Несіпбек Дәутайұлы көзі тірі болғанда биыл 77 жасқа толатын еді. Артына том-том мұра қалдырған қаламгердің туындылары кейінгі буын үшін құнды қазына болатыны анық. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша сыйлығының лауреаты, халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жеңімпазы Н.Дәутайұлының шығармашылық шыңы биікте. Өңір руханиятының өркендеуіне үлес қосып жүрген Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана «Ел болып оқимыз» жобасы аясында Несіпбек Дәутайұлына арналған кеш ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Бекет Момынқұл, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі, журналист Оралхан Дәуіт, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі, жазушы, журналист Ардақ Үсейінова, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық қатысты. Шерхан Мұртазаның өзі «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп атаған қаламгер рухына арналған кеште сөз алған Бекет Әбілдаұлы Несіпбек Дәутайұлының қазақ әдебиетіне жаңаша леп әкелген жазушы екенін айтып, жылы естеліктерімен бөлісті

Ал «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман Несіпбек Дәутайұлының өзінен кейінгі жастарға қамқор болғанын, төңірегіне көзі ашық, жалынды жастарды жиғанын атап өтті. 

– «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, Несіпбек Дәутайұлы шын әдебиеттің, шын туындының қандай болатынын көрсетті.

Жазушыны алғаш көргенімде 58 жаста еді. Өзіне жарасымды қалпағы, былғары күртесін киіп, ерекше стильде жүретін. Сол жылдары жастардың шығармалары жинақталған антология шығып жатты. Өлеңдерімді ұсынбақ болып «Жамбыл» журналының редакциясына келіп, алғаш рет танысқан едім.Біз бүгінде кімдерді тұлға деп танып жүрміз? Нағыз тұлға Несіпбек Дәутайұлы еді, – деп, жиналған жастарға жазушының шығармаларын оқуға кеңес берді.

Одан кейін Несіпбек Дәутайұлы жанына жақын тартқан жастардың бірі, жас ақын Арайлы Жақсылық: «Несіпбек көкені бүкіл жас жақсы көрді. Жан-жағына болашағынан үміті зор жастарды жинай білді. Қолымда «Кісі иесі» атты көркем әңгіменің атымен аталған кітап бар.Үнемі көкемнің кітаптарын жанымнан тастамаймын. Туындыларының арасында «Кісі иесінен» де басқа қатты әсер етіп, терең ойлар мен телегей сезімдерге батыратын «Тағдыр», «Қанқызыл жалқын», «Құмға қашқан құйын», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Өнеш, Комбинатор, алжапқыш», «Архитектор», «Айғыр­кісі», «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман», «Мінез», «Тілал­шақ», «Батыр» деген әңгімелер мен «Ақкүшік», «Алтын балық» атты екі повесі бар. Ішкі мазмұны қаншалықты қызықты болса, кітаптың өзі маған соншалықты ыстық. Аса ірі тұлға еді. Тау тірегіміз бардай жүруші едік. Мұндай адам енді өмірде қайталанбайды», – деп еске алды.

Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы – дәуір шындығының шежіресі. Әрбір кейіпкерін мөлдіретіп суреттеген жазушы енді әдебиетсүйер қауым үшін мәңгілік сағыныш қана.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА