Жұмысшы мамандықтарына әрдайым сұраныс жоғары
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялады.
Президенттің айтуынша, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Сондай-ақ техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға көңіл бөлу керектігін айтты. Яғни қоғамда еңбекқор, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жұмысшы мамандықтарын танымал ету, еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын ілгерілету бағытында Жамбыл политехникалық колледжінің ұжымы ауқымды жұмыстар атқаруда. Тарихы терең, тағылымы ерен кәсіптік білім ошағынан осы уақытқа дейін мыңдаған түлек түлеп ұшып, түрлі салада жемісті еңбек етуде.
2024 жылы еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне 812 орын берілді. Қазіргі таңда колледжде 30 мамандық бойынша 2 468 студент оқиды. Студенттердің жартысынан көбі жұмысшы мамандықтарда білім алады. Атап айтсақ, токарь, дәнекерлеу, слесарь, аспаз, құрылыс және тағы да басқа мамандықтар бойынша білім беріледі. Оқу орнын бітірген мамандардың құрылыс, өндіріс салаларында, зауыттарда, жеке шаруашылықтарда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде, көлік жөндеу орталықтарында жұмыс істеп, жеке кәсіптерін ашуға да мүмкіндіктері бар.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс.
Дүйсенбек АБДРАИМОВ,
Жамбыл политехникалық жоғары
колледжінің директоры