Жаңалықтар

Әскери-техникалық мектептің түлектері еGov порталы арқылы әскери билет алды

Алматыда әскери-техникалық мектеп филиалының 108 түлегі әскери ант беріп, сертификаттар алды. Соның негізінде еGov сайтының жеке кабинетіне әскери билеттің электрондық нұсқасы пайда болады, деп хабарлайды arainfo.kz

Әскери-техникалық мектепте әскери міндеттілердің төрт взводы тылдық және техникалық қамтамасыз ету, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бейіні, сондай-ақ тікұшақ үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары бойынша 40 күндік оқудан өтті. 

Салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі білім беру мекемесінің аумағында болды. Түлектер мектептің оқытушылар құрамына берген білімдері үшін алғыстарын білдіріп, саптық алаңда алған машықтарын көрсетті.

Туған-туыстары оларды Отан қорғаушылар қатарына кірген айтулы күнмен құттықтады. 

Әскери-техникалық мектепте оқу – азаматтарды әскери даярлаудың балама нұсқасы. Он сегіз жаста мерзімді әскери қызметке түрлі себептермен шақырылмаған, 24 пен 27 жас аралығындағы жастардың оқуға және әскери билет алуға мүмкіндігі бар. 

Еліміздің барлық өңірінде Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери-техникалық мектептің 15 филиалы бар екенін айта кеткен жөн. Бұлар әскерге шақырылушылар мен әскери дайындалған резервті дайындауға айтарлықтай үлес қосу үстінде. Мамандандырылған мектептер өз қызметін екі бағытта: азаматтарды әскери қызметке тегін даярлау және әскери-оқытылған резервті ақылы негізде даярлау бойынша жүзеге асырады.