Руханият

Жас қызметшілер ант қабылдады

Конституция күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған азаматтардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті.

Конституцияның 33-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар. Биыл облысымызда 470 маман мемлекеттік қызметке орналасу бойынша өтініш білдірген екен. Оның 25-і ғана іріктеуден өткен.Салтанатты іс-шара барысында жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, оларға тілек айтылып, сенім білдірілді.

Бұдан кейін жас мемлекеттік қызметшілерді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтады. 

– Жастар – еліміздің ең белсенді қозғаушы күші, қоғамның бір бөлігі. Олар өз білімімен, біліктілігімен, жасампаз еңбегімен еліміздің дамуына үлкен үлес қосуда.Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Өркениеттің шыңына қадам басқан мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет.

Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дәнекер. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Сондықтан кез келген маман мемлекетке, халыққа қызмет етуші екенін ұмытпауы тиіс.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА