Жаңалықтар

Білім беру жүйесінде жемқорлық азаяр емес

Білім беру жүйесіндегі ахуал – ел дамуына әсер ететін негізгі бағыттардың бірі. Соңғы жылдары мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру үшін мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, саланы қаржыландыру көлемі ұлғайып келеді.

Осылайша 2021 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Ғылыми дәрежелері мен сыныптан тыс сабақтар үшін қосымша төленетін еңбекақы көлемі көтерілді.Сондай-ақ білім алушылар үшін де лайықты жағдайлар жасалуда. Барлық талаптарға сәйкес келетін заманауи және жайлы мектептер салынуда. Қабылданып жатқан іс-шаралар білім сапасын жақсартуға және адами капиталды дамытуға бағытталған.Алайда саладағы жүйелі сыбайлас жемқорлық әрекеттер мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан реформаларды жоққа шығаруда десек, артық айтқанымыз емес. Статистикаға сүйенсек, өкінішке қарай, білім беру саласында жемқорлық фактілері көп тіркеледі.Салада сыбайлас жемқорлық фактілері жүйелі түрде кездесетінін ескере отырып, былтыр ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді.Осылайша бюджеттің 70 пайызын құрайтын еңбекақы төлеу қорына басты назар аударылды. Нәтижесінде мемлекеттік қаражатты ұрлаудың барлық схемасы ашылды, яғни жоспарлау кезеңінен түпкілікті айлық төлеу барысындағы жымқыру фактілері анықталды. Барлық өңірлерде қылмыстық істер қозғалды. Өкінішке қарай, облысымыз да қалыс қалған жоқ.Бұзушылықтардың басым бөлігі бухгалтерлік жүйенің тиісті жетілмеуінің салдарынан және адами фактордың арқасында мәліметтерге қолдан өзгеріс енгізу барысында орын алған.Аталған жемқорлық тәуекелдерді жою мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірыңғай цифрлық есеп бағдарламасына бірқатар жаңашылдық енгізілді.

Яғни енді төлем құжатына қызметкерлердің жалған жеке деректерін енгізуге жол берілмейді. Атап айтқанда, аты-жөні мен ЖСН сәйкес келмеген жағдайда бұғаттау қойылады.Жалақыны бір ай ішінде қайталап негізсіз төлеуге жол берілмейді, лауазымдық жалақының 50 пайыздан асатын аванстық төлемдерге бұғаттау қойылды.Сонымен қатар қыркүйек айының аяғына дейін жемқорлықтың жолын кесу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіледі. Атап өтсек, мектептердің «Тарифтеу кестесін» директор, білім бөлімі қол қойғаннан кейін білім басқармасы бекітетін болды. Осылайша бастапқы құжаттарға өзгеріс енгізу түріндегі жемқорлық тәуекелі жойылады. Директорлардың ақпараттық жүйеге кіруі үшін биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Сөйтіп, олардың дербес жауапкершілігі күшейтілді. Айына бір рет Қазынашылықтан алынған төлем құжаттары мен «5-15 Еңбекақы аударымдар» арасындағы сәйкессіздіктер сомасы қаралатын болды. Аталған модульдер қолданыстағы есеп бағдарламасында қарастырылды, енді практикалық тұрғыда бірігіп жүзеге асыру қалды.Сонымен қатар Тараз қаласындағы мектеп қызметкерлерінің жұмысқа келіп-кетуі биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылып, білім бөліміне тікелей түсетін болады. Бұл – «өлі жандарды» жұмысқа орналастыруды болдырмайтын персоналды бақылауды автоматтандыру процесі.Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен 2024 жылы балабақшаларда да биометриялық сәйкестендіруді енгізу жұмыстары басталады. Осылайша бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол берілмейді. Себебі талдау кезінде тек бір ғана балабақшаның өзінде 20 балаға дейін келмейтіні, жалған құжаттама рәсімдеу тәуекелдері орын алғаны анықталған болатын.

Жемқорлық тәуекелдерді жоюға байланысты қаншама іс-шара қабылданып, бизнес процестерді оңтайландыру, цифрландыру жұмыстары жүргізілгенімен бойымызда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптаспаса және де тиісті бақылау болмаса, ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.Мысалы, күні кеше ауылдық  жас педагогтар форумында бір жас педагог Оқу-ағарту министріне өңірімізде белгілі бір сомада пара бермесе мектептерге жұмысқа орналасу мүмкін еместігін айтқан. Шынын айтсақ, дәл осы мәселемен біздің департаментке де азаматтар жиі қайырылады. Алайда азаматтар көбіне арыз жазудан бас тартады. Себебі кейін қоғам оны теріс тұлға ретінде қабылдайды және басқа мектепке жұмысқа орналасу мүмкіндігі жойылады деп есептейді.Сондықтан білім басқармасына бірінші кезекте осы мәселені жіті бақылауға алу қажет. Яғни білім беру мекемелерінде жемқорлық фактілерінің орын алмауына ерекше назар аударып, білім бөлімі, мектеп және балабақша директорларымен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуі тиіс.Атап айтқанда, педагогтардың жұмысқа көбінесе тамыз-қыркүйек айларына қабылданатын ескере отырып сапалы ішкі талдау жүргізу, бір орында ұзақ жыл жұмыс істеп келген білім ұйымдарының басшыларын ротациялау, балаларға берілетін тағамның сапасы және нормаларға сәйкес келуін бақылау, сондай-ақ педагогтардың біліктілігін арттыру кезіндегі алаяқтық белгілері бар тәуекелдерге жол бермеу сынды іс-шаралар қабылдау ұсынылады.

Дәурен ОМАРОВ,
ҚР Сыбайлас

жемқорлыққа қарсы 
іс-қимыл агенттігінің 
облыс бойынша

департаменті

басшысының бірінші

орынбасары