Әлімжеттік: мектептен әскерге дейін...
Буллинг – қоғамдағы әлсіздерге немесе қорғансыздарға қысым көрсету, қорқыту, кемсіту арқылы жүзеге асатын зорлық-зомбылықтың бір түрі. Уақыт өткен сайын дендеп бара жатқан қауіпті құбылыс мектептерде, жұмыс орындарында, әскерде, тіпті интернет кеңістігінде де жиі кездеседі.
Әсіресе соңғы жылдары әскердегі әлімжеттік қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге айналды. Мәселен, 2022 жылы Павлодарда орын алған Бекжан Әлімовтің оқиғасы қоғамда қызу талқыланды. 16 жастағы Бекжан Әлімов 2020 жылдың қаңтарында Павлодардағы Химгородок ауданындағы теміржол көпірінен секіріп, өзіне қол салмақ болған. Себебі кадет мектебінде физикалық және психологиялық қысым көрсетіліп, салдарынан ауыр жағдайға душар болған Бекжан өз-өзіне қол жұмсауға тырысады. Бекжанның бастан кешкендері әскердегі зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аударды. Оқиғадан кейін Бекжанның отбасы заңды жолмен әділдік іздеп, құқық қорғау органдарына жүгінді.
Өкінішке қарай, әскердегі әлімжеттік деректері өңірімізде де өршіп тұрғаны жасырын емес. 2022 жылдың тамызында «Шөлдала» шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаз Бекбол Мираштың қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. 2004 жылы дүниеге келген Бекболдың да әлімжеттіктің құрбаны болғаны анықталды.Сонымен қатар бүгінде мектептердегі әлімжеттік мәселесі де қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Жақында облысымызда орын алған оқиға осы сөзімізге айқын мысал бола алады. Мәдина Дүйсенбиева есімді келіншектің 15 жастағы ұлы мектепте әлімжеттікке ұшырап, салдарынан көптеген қиындыққа тап болыпты.Анасының айтуынша, ұлы мектептегі жоғары сынып оқушыларынан физикалық және психологиялық қысым көрген. Оқушы басқа мектепке ауысқаннан кейін де жағдай өзгермей, жаңа білім ордасында да ақша бопсалаудың құрбаны болған. Мәдина Дүйсенбиева тергеудің әділетсіз жүргізіліп жатқанына наразы. Сөзіне сүйенсек, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері мәселені тиісті деңгейде қарастырмаған. Ал әлімжеттік жасаған оқушылар жазадан құтылып кеткен.
Әлімжеттік деректері жиілеген сайын ата-аналар балаларын мектепке немесе әскерге жіберуге қорқатын жағдайға жетті. Білім беру мекемелері мен әскери бөлімшелер балалар мен жастар үшін қауіпсіздік пен тәртіптің кепілі ретінде қарастырылуы тиіс еді. Алайда бүгінгі таңда бұл орындардың буллингтің ордасына айналуы ата-аналардың психологиялық тұрғыдан ауыр күйде болуына және олардың балаларын қорғау үшін алаңдауға себеп болып отыр.
А.Орынбасарқызы