Жаңалықтар

Адамзат қалауы – ядросыз әлем

Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханада «Адамзат қалауы – ядросыз әлем» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Кітапхана қызметкерлері оқырмандарды халқымызға орны толмас қайғы әкелген, ядролық жарылыстар алаңына айналған Семей ядролық сынақ полигонының тарихы, апат салдары туралы мәліметтермен таныстырды. Сонымен қатар, «Ядросыз Қазақстан – әлемге үлгі» атты бейнеролик көрсетіліп, талқыланды. 

«Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлімінің меңгерушісі Сейтхан Қуантаев пен аталған ұйымның ардагерлері Бержан Бураев, Жүрсінбай Бекмұрзаев іс-шараға арнайы қонағы ретінде шақырылды.Қонақтар ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, ядролық полигонның зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келе жатқанын қынжыла жеткізді. Сонымен қатар еліміз егемендігін алғаннан кейін полигонды жауып, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалғаны жайлы әңгімеледі. 

Кітапханамыздың тұрақты оқырманы Құрманбек Әбдірайым тақырып аясында өз пікірін білдірді.Іс-шара барысында «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылып, Семей ядролық полигонының тарихы мен хронологиялық оқиғалары жайлы жазылған М.Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты кітабына библиографиялық шолу жасалды.Басқосу соңында Сейтхан Мұратұлы, ұйым ардагерлері Бержан Абжаліұлы мен Жүрсінбай Битерекұлы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталды.

Қарлығаш АГИГАЕВА,
М.Әуезов атындағы
 Тараз қалалық 
кітапхананың меңгерушісі