Шудағы шаттық
Конституция күні қарсаңында Шу қаласында бірқатар отбасы баспаналы болды. Шу ауданына жұмыс сапарымен барған Ербол Қарашөкеев үйлі болған қоныстой иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады.
Жалпы Шу қаласында 1 745 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 60 баспана табысталған. Төле би ауылында 14 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 100 тұрғын үйдің кілтін тапсыру жоспарланып отыр.Мерейлі мереке қарсаңында 2 қабатты тұрғын үйден 2-3 бөлмелі 8 пәтер берілді.
– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты – Мемлекет басшысының басты назарында. «Баспана – бақыт кілті» демекші мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста тұрғын үй салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмысын түзеуге септігін тигізетіні анық, – деген Ербол Қарашөкеев қоныстой иелеріне пәтер кілттерін табыстап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.Мерекелік жиында ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.Бұл күні Шу қаласының тұрғыны Гүлзинат Аманжоловаға да баспаналы болу бақыты бұйырды. Ербол Қарашөкеев көпбалалы ананың жаңа шаңырағына құтты болсын айтып, теледидар тарту етті.
– Қуанышымызда шек жоқ. Ұл-қызым шат-шадыман күйде жүр. Мемлекет қолдауын сезініп, 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Алғысымыз шексіз, – деді 7 ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана.Мұнан кейін Ербол Шырақпайұлы «Жетісу» ықшамауданындағы жаңғыртуды қажет ететін көпқабатты 4 тұрғын үйдің (әрқайсысы 75 пәтерлі) жағдайын көрді. Тұрғын үйлерге «Altair Construct» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен 2025-2026 жылдар аралығында 2,1 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Құрылыс алаңында 200 адам жұмыспен қамтылады.Аймақ басшысы жауаптыларға жұмыстарды мерзімінде бастап, сапалы жүруін бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ жарқын жоба аудандағы тұрғын үй мәселесін шешуде маңызды екенін баса айтты.Ал С.Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан «Жеңіс» саябағына барған облыс әкімі 2011 жылы пайдалануға берілген демалыс орнын жөндеуден өткізудің тиісті мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді. Саябақтың жалпы аумағы 99 300 шаршы метрді құрайды. Әкімдік нысанды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев 1989 жылы пайдалануға берілген Шу теміржол вокзалына да ат басын бұрды. Вокзал бастығы Шолпан Арысбаеваның айтуынша, мұнда күніне 35 жолаушы, 40 жүк пойызы аялдайды. Ш.Арысбаева вокзал ғимаратын жөндеуден өткізу, жолаушыларға арналған жерасты немесе жерүсті өткелін салу бойынша мәселе көтерді.Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалының маңыздылығына ерекше тоқталған аймақ басшысы нысан аумағын абаттандыру мәселесі назарға алынатынын айтты.Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі С.Макаренко атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен, Шу аудандық полиция бөлімі ғимаратының жай-күйімен, «Alstom Kazakhstan» серіктестігінің теміржолдың жылжымалы құрамына қызмет көрсету депосын салу инвестициялық жобасының іске асырылу барысымен және қалалық кәріз жүйесі мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген тұрғын үй алқабының жағдайымен танысты.
Ербол Қарашөкеев С.Макаренко атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімінен кешігуін сынға алып, жауаптыларға құрылыс сапасын бақылап, тапсыру мерзімін жеделдету бойынша нақты міндеттер жүктеді.Өзге де нысандардағы мәселелер назарға алынатын болады.Жамбыл облысының 85 жылдығына орай аудандарда мәдениет күндері өтіп жатқаны белгілі. Шу ауданында өткен кезекті мәдени-көпшілік іс-шараға Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты.Мерекелік іс-шара барысында қонақтар өткенге саяхат жасап, қазақ халқының мәдени мұрасы мен өнері жайлы мол мағлұмат алды. Ұмыт болған салт-дәстүрлерден тағылым алып, ұлттық ойын түрлерінен бақ сынасты.Сонымен қатар Шу ауданының кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін тақырыптық көрмелер, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі көпшілік назарына ұсынылды.Түрлі этнос өкілдері де өнерлерін ортаға салып, кәдесыйлары мен ұлттық дәмдерін таныстырды.Ауданның мәдениет күндері өнер майталмандарының гала-концертіне ұласты.
Сахна шымылдығы мәдени мұраларды қастерлеп, насихаттауға үндейтін театрландырылған қойылыммен ашылды.Бұдан соң 150 жас өнерпаз бір мезетте белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындады.Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жиналғандарды өнер мерекесімен құттықтап, Шу өңірінің шежіре мен тарихқа толы мекен екенін атап өтті.
– Мәдениет пен өнер – халқымыздың болмысын, еліміздің тарихы мен бірегейлігін айшықтайды. Шу өңірі күллі қазаққа, әлемге әйгілі тұлғалар шыққан өлке, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн, халқымыздың төбе биі Төле би бабамыздың атамекені. Сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай секілді ақындарымыз шыққан шырайлы өлке.Сондай-ақ өңірден шыққан ақын, әнші, термеші, композитор Аяз Бетбаевтың, дәстүрлі музыканы сабақтастырған тұлға, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың есімін ерекше атап өткен жөн.
Еске сала кетейік, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл тарихты таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында биыл екінші жыл қатарынан облыс аудандарында мәдениет күні ұйымдастырылуда.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі