Заң

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға әркімнің құқығы бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ата Заңы турасында: «Конституция біздің Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалыптастырды. Мемлекеттің басты байлығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы танылды. Бұл құжатта елдің аумақтық тұтастығының, қоғамдық келісімнің, саяси тұрақтылықтың, заң үстемдігі мен демократияның қағидалары бекітілді. Жаңа қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары айқындалды», – деген болатын.

Иә, әрбір құқықтық мемлекеттің негізі – Ата Заңы. Ол тәуелсіз елдің басты нышаны, құқықтық өзегі. Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолынан» басталып, «Есім ханның ескі жолымен», Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» жалғасқан заңдық жүйе елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай, іргетасының беріктігін қамтамасыз етті. Конституция дегеніміз – елдің саяси құрылымын, басқару формасын, территориясы мен дінге көзқарасын анықтайтын құжат. Ең басты мақсаты – азаматтардың құқығын белгілеп, оны қорғау.Қазақстан егемен ел атанғалы бері Ата Заңның баптарына бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Кез келген мемлекеттің Ата Заңы уақыт өте келе жаңа талаптарға сай өзгертулер мен толықтыруларды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, барлық конституциялар әрбір 10-17 жыл сайын өзгеріп отырады екен. Бұдан біздің Ата Заңымыз да тыс қалмады. 1998 жылы 19 бап өзгерсе, 2007 жылы 30 түзету енгізілді. 2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. 2017 жылы Ата Заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. 2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгертілді. Ал 2022 жылы референдум нәтижесі бойынша 33 бап өзгеріске ұшырады.Өткен жылы бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілген соңғы өзгертулердің маңызы айрықша. Бұл Жаңа Қазақстандағы алғашқы әрі кең көлемді өзгертулер болғаны айдан анық. 

Енді жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқару құқығынан айырылды. Депутаттарды сайлау жүйесі де өзгерді.Сондай-ақ елімізде Конституциялық сот құрылды. Қазақстандықтар оған өз бетінше жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынды.Айта кетерлігі, соңғы референдум арқылы қабылданған Конституция толықтырылды. Енді Қазақстанның Ата Заңы 9 тараудан және 99 баптан тұрады.Сонымен қатар қазіргі уақытта Ата Заңымызға сәйкес Қазақстанда адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған сенімді құқықтық база құрылған.

 Дамыған қоғамның басты индикаторы – онда тиімді құқық қорғау тетігінің болуы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Ал заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген білікті заң көмегін адвокаттар мен заң консультанттары көрсетеді. Мұндай көмек адвокаттар және заң консультанттарының кәсіби қызметінің мазмұны болып есептеледі. 

Азаматтарды білікті заңгерлік көмекпен қамтамасыз ету маңызды конституциялық қағидатқа жатады. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа шеңберінде және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңына сәйкес адвокаттың құқықтық жағдайы түбегейлі өзгерді. Адвокатура – мемлекеттің маңызды құқықтық құрылымдарының бірі. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының 26-бабында көрсетілген.Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі – алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға, көпбалалы отбасыларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар және тағы басқалар қызмет көрсету. Айта берсе бұл тізім өте ауқымды.

Жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және көмек білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі – әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға, ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес азаматтық, әкімшілік істер бойынша талап қоюшыға не жауапкерге көрсетіледі. Қылмыстық істер бойынша күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге көрсетіледі.Адвокаттың қылмыстық процеске қатысуы – бұл негізінен күдіктілерді (айыпталушыларды) қорғау функцияларын жүзеге асырумен байланысты адвокаттық қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Заң көмегіне ерекше қажеттілік қылмыстық сот ісін жүргізуде туындайды.

Облыс аумағында жыл басынан бүгінгі күнге дейін мемлекет кепілдік берген заң көмегін 10 252 азамат алды. Қазақстанда тұратын әрбір адам еліміздің негізгі заңын құрметтеп, сақтауы тиіс. Қазақстанның әрбір тұрғыны әділдікке, заңдылыққа, теңдікке және өзінің болашағына сенімді болуы тиіс. Қоғам мен мемлекет дамуының базалық қағидаттары, адамның, азаматтың және мемлекеттік билік субъектісінің кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген. Оларды сапалы және тиімді іске асыру мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті болып есептеледі. Өйткені ол Қазақстан халқының дамуы мен тұрақтылығына, әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

Дәурен ДАЙРАБАЕВ,
облыстық әділет департаменті 
басшысының орынбасары