«Цифрлы мектеп» жобасы іске асырылуда
Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында қалалық тамыз кеңесі өтті.
Басқосуға облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова және мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.Алдымен көпшілік назарына жаңа оқу жылына дайындық барысын, келешекте кең қолданысқа енуі мүмкін бағдарламалар мен қосымшаларды және роботтехника құрылғыларын, білім беру жүйесін автоматтандыруға негізделген өнімдерді таныстырған «ROBO WORK» және 6 панельдік секциядан құралған көрме ұсынылды. Шаһардың білім беру жүйесінің дамуы мен өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы бейнеролик көрсетілді.Бұдан кейін сөз алған Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын жетілдіру жұмыстары жөнінде баяндады.Айтуынша, өткен оқу жылында «100 кіші бағдарлама» аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы облыс бойынша кәсіби даму институты, Қазақстан халқы Ассамблеясы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен 2026 жылға дейін іске асырылатын жобалар айқындалып, қазіргі таңда 58 мекемеде балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу бағытында ілкімді істер қолға алынған. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігіне де баса мән берілуде екен.
Сонымен қатар бөлім басшысы бүгінгі күні ерекше балаларды оқытумен айналысатын педагогтардың біліктілігін арттыру негізгі мәселенің бірі болып отырғанын алға тартты. Себебі арнайы курстар жеткіліксіз екен. Соған байланысты аталған санаттағы балалармен жұмыс істейтін педагогтардың 28 пайызын арнайы курстарда оқыту жаңа оқу жылындағы міндеттердің бірі болмақ. Сондай-ақ шаһардағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 423 кәмелетке толмаған баланың есепшотына жомарт жандардың арқасында 12 миллион 200 мың теңге қаражат аударылған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапалы ортада білім алу әрбір баланың мызғымас құқығы екенін атап өткен болатын. Соған орай мемлекет тарапынан интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар атқарылып, білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болып отыр. Нәтижесінде педагогтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану үшін «Curipod», «Decktopus», «Canva», «MagicSchool.АІ» және тағы сол сияқты 10-нан аса платформа мен қолданбаларды пайдаланса, №45, 41, 40, 8 гимназияның педагогтары «ChatGPT» платформасын кеңінен қолдануда. Ал 8 білім ошағында «Цифрлы мектеп» жобасы іске асырылуда.Қала мектептерінде дарынды балалармен жүргізілген жұмыс өз жемісін беруде. Айталық, республикалық, халықаралық ғылыми жобалар мен пән олимпиадаларында 51 оқушы жүлделі орын алып, соңғы екі жылда жүлдегерлер саны 15 адамға көбейді.
Басқосу барысында бірқатар сала қызметкері білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» Құрмет дипломымен, облыс әкімдігі білім басқармасының және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айжан ӨЗБЕКОВА