Толайым табыс толастамайды
Мемлекетіміздің тәуелсіз ел болып қалыптасуында Конституциямыздың атқарған рөлі айрықша. Өйткені Ата Заң адам құқығы мен бостандығын қорғаумен қатар, еліміздің ішкі саяси бірлігін нығайту, қоғамның дамуы секілді басқа да мәселелер бойынша бірыңғай құқықтық негіздердің жүзеге асырылуына арқау болды. Соның арқасында мемлекетіміз бүгінгідей биіктен көрінді.
Кеше Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде ҚР Конституциясы күніне арналып өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Құрметті жиынға қатысушылар, қадірменді көпшілік! Баршаңызды 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата Заң – тәуелсіздігіміздің берік тірегі, мемлекетіміздің экономикалық даму жолындағы бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады», – деген болатын.Заң үстемдігі, демократиялық саясат, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін бағдарламалар Ата Заңымыздың рөлін арттырады. Қазіргі жаһандану заманында Конституция егемендіктің, тұрақтылықтың нағыз символына айналды. Елдегі тұрақтылықтың арқасында бүгінде дамыған елдермен иық тіресіп өмір сүріп келеміз. Мұның барлығы елімізде іске асырылып жатқан реформалардың жемісі деп білеміз.
Бүгінде облысымыз жаңа даму кезеңіне шығып, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік салада қол жеткізген көптеген жетістіктерді атап өтуге болады. Жыл басынан бері өңірге 247,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572,2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 39 371 адам тартылды. Халықтың орташа табысы 10,6 пайызға, орташа жалақы мөлшері 10,6 пайызға өсті. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2024 жылға 10,5 миллиард теңге қарастырылған.Жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 2 569 пәтерлі 51 үй ел игілігіне ұсынылады, – деген Ербол Шырақпайұлы ауылдық елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамту, жол жөндеу, мектептерге бейнебақылау құрылғыларын орнату секілді өңірдің өзге де салаларында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.
Облыс әкімі өз сөзінде 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын жерлестерімізге де сәттілік тіледі.Мерекеге орай аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының кеңесшісі Тимур Манашовқа «Құрмет» орденін, Тараз қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Данияр Ынтықбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырды. Сондай-ақ әр салада көзге түскен бірқатар қарапайым еңбек адамдары «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын соңында жұртшылық Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ