Жаңалықтар

Бүгін Жамбылдағы алғашқы “Жайлы мектеп” ел игілігіне берілді

Оқу орны 600 оқушыға арналған

Бүгін Жамбыл облысындағы алғашқы «Жайлы мектеп» Байзақ ауданында ашылды, деп хабарлайды arainfo.kz

«Жайлы мектеп» 600 балаға шақталған. Бүгінгі күні оқу орнына 525 бала тіркеліп үлгерген. Заманауи білім ұясы материалдық-техникалық базасы озық үлгіде жабдықталған.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жиылғандарды білім күнімен құттықтады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Жамбыл облысында 41 білім нысанның құрылысы жоспарланып, жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр.

Ал, 2025 жылы тағы да 22 білім ошағының құрылысы басталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 12 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде биыл 6 мектеп пайдалануға берілмек.

Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1239 мекеме жұмыс істейді. Оның 587-і мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 507-і орта білім беру ұйымдары, 42-і колледж, 76 қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер болса, сондай-ақ Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі бар. Жалпы 337 мыңнан аса бала  мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.