Кәсіп

«Erma_Fish_Taraz»-дың ерекше балықтары

Қуырылған балық дегенде тараздықтардың есіне дәмі таңдайдан кетпейтін «Erma_fish_taraz»-дың балықтары түседі. Көне шаһарымызда бір жылдан бері бұл кәсіпті ерлі-зайыпты Нұрғали Абитаев пен Таңшолпан Райымбердиева жүргізіп келеді.

Кәсіп иелері бүгінгі таңда төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Түскен табыс екі отбасыға тиесілі. Яғни балық орталығының ашылуына қолғабыс еткен отбасылық достары Жұмағали мен Әйгерімге нәпақа теңдей бөлінеді. Адал достардың бірі осы қуырылған балықтарды саудаласа, екіншісі көліктерді техникалық жөндеуден өткізумен айналысады. Екі жақтан түскен табыс та теңдей бөлінеді. Достардың арасында кәсіпке қатысты ұрыс та, реніш те жоқ. Себебі Нұрғали мен Жұмағали – бала күндерінен бірге өскен достар. Алғашында қандай бизнес ашамыз деп ақылдасқанда Жұмағали Астана қаласынан дәмі тіл үйіретін балық жегенін айтады. Өзара осы идеяға тоқтап, елордамызда орналасқан «Erma_fish kz»-тің франшизасын сатып алуға бекінеді. Әрі «Erma_fish kz»-тің иесі Қазақстанға танымал композитор Ғалия Өзбекбайқызы екен.Ғалия Шаудырбаева Жамбыл ауданындағы Сеңгірбай ауылында туып-өскен. Ғалия мен Таңшолпан бір ауылда көрші тұрған екен. Осылайша олар франшизаны сатып алып, тірлікті бастап кетеді.


Шындығында, ыстықтай әзірленіп жеткізілетін сүйікті ас тараздықтарға ерекше дәмімен ұнайды. Бүтіндей, кейде жартылай, қалауыңызша әзірленетін балықтың қуырылу жолы да, дайындалу барысы да ерекше.Осы орайда «Erma_fish kz»-тің негізін қалаушы Ғалия Шаудырбаевамен сөйлестік. 

– Әрбір жеп отырған тағамымыздың немесе киген киіміміздің өзіндік шығу тарихы бар. Адамзаттың ақыл-ойының ұшқырлығының арқасында біздер пайдаланып жүрген тұрмыстық бұйымдар, киімдер, азық-түліктер, тағамдар пайда болған. Тоңазытқыш, көлік, бәрі-бәрінің басталу тарихы бар. Кезінде «Gucci», «Versace» сынды алып дүкендер де өз ісін шағын жерден бастаған. Мәселен, жылдам дайындалатын кентуккилік қуырылған тауық етін әлемде білмейтін адам жоқ. «Kentucky Fried Chicken» (KFC) атауы, айтып тұрғандай, бұл тағамның шыққан жері АҚШ-тың Кентукки штаты, Луисвил қаласы. Гарланд Сандерстің ашқан кәсібі бүгінде бүкіл әлем бойынша жұмыс істеп тұр. Мен де өз қолыммен тағам жасағанды жақсы көремін. Әсіресе мен қуырған балықтар ерекше болады. Содан не керек, жан-тәніммен беріліп істейтін өз ісімді аштым.

Бұл да кейін әлемге танымал болса, қанеки? Бизнесті бастау ешқашан кеш емес екенін түсіндім. Бизнес бірден жүріп кетпейді. Құлайсың, жылайсың, желінесің, шаршайсың, қолды бір сілтеп, ертеңіне қайтадан түк болмағандай жұмысқа кірісесің. Қайтпау керек екен. Соны түсіндім.Екі желілік бизнестен көлік мінгенім осындай табандылықты үйретті. 15 жылдық телевизиялық еңбегім жаңа идеяларды дереу іске асыру керектігін ұқтырды. Ылғи өз орныңыздан табылыңыз.

Сіз жоқ болсаңыз, ол орынға басқа адам келеді. Ол жайнатып, сол жұмысты дөңгелетіп әкетсе, «мен де сөйтер ем» деп сырттай шіреніп, іштей мүжілесіз. Сондықтан бизнес бастаймын деп жүрсеңіз, қорықпаңыз. Бастаңыз! 


Нарықта үлкен сұранысқа ие кәсіптің бірі – балықшаруашылығы. Өйткені қазір екінің бірі балық өнімін тұтынады. Сұраныс артқан сайын балықтың бағасы да шарықтап барады. Бірақ осы шаруашылықты қолға алып, кәсіби тұрғыда айналысуға әлі де қауқарсызбыз. Бұл жайында кәсіпкер Нұрғали Абитаев: «Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде балықшаруашылығының кенжелеп тұрғаны рас. Шетелді айтпағанда, өзіміздің елдегі Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері мен Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай суқоймалары арқылы шаш етектен пайда тауып отырған шаруашылықтар секілді біздің де балық аулап, байлыққа белшеден батуымызға не кедергі? Облыста 115 суайдыны болса, соның 96-сы шаруашылық жүргізу үшін заңды тұлғаларға бекітіліп беріліпті. Шыны керек, біздің шикізат – балық. Амал жоқ, сырттан алдырамыз. Өз облысымыздан емес. Кейде сазанды Ақкөлден жеткізіледі. Минтай балығы Ресейден жеткізіледі. Отандық өз өніміміз болса, қуанар едік. 

Балық – көпшіліктің сүйікті тағамдарының бірі. Оның құрамында A, D, E дәрумендері мен кальций, йод, темір, магний, фосфор, селен, мырыш бар. Тауық еті секілді, балықтың құрамында да адам ағзасы жақсы сіңіретін өте жоғары, сапалы ақуыз кездеседі. Өз кезегінде ол ағзаға қажетті барлық аминқышқылдарын қамтиды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА