Мотивациялық кітаптарға сұраныс жоғары
Кітап пен ғылымды дәріптеу, ғылыми-танымдық әдебиеттерді, шетелдік және қазақстандық жазушылар мен олардың шығармаларын насихаттау, қаламгерлер мен оқырмандар үшін бірыңғай алаң құру – маңызды міндет.
Бір қуанарлығы, бүгінде кітап оқу мәдениеті дамып келеді. Оны жекелеген кітап дүкендері санының артуынан да байқауға болады. Мысалы, Тараз қаласының өзінде кітап сататын бірнеше сауда орны бар. Соның бірі – «Кітап ал» дүкені. Иесі – кәсіпкер Айдар Байгелов. Бұл нысанның ашылғанына екі жылдан асыпты. Мұндағы сөрелерде бес мыңға жуық кітап қоры жинақталған. Ал кітаптардың көбі – мотивациялық еңбектер.
– «Кітап ал» дүкендер желісінің бас кеңсесі Алматы қаласында. Біздің дүкен – осы құрылымның филиалы. Көбіне қазақ тіліндегі кітаптарды саудалаймыз. Сонымен қатар орыс және ағылшын тіліндегі кітаптар да бар. Сұранысқа сай іздегеніңізді табасыз. Ақын-жазушылардың еңбектері де жеткілікті. Яғни әдеби кітаптар аз емес. Сол сияқты аудармалар және мотивациялық кітаптар да баршылық. Көп сатылатыны да осылар.
«Кітап ал» дүкенінің сатып алушылары – студенттер мен орта жастан асқандар. Сатушы Әсел Байділдаева мұнда кітапты сатып қана қоймай, әлеуметтік желідегі парақшасын да жүргізеді.
Елімізде кітап сату бизнесі қызып тұр. Соңғы уақыттарда баспахана да, кітап дүкендері де көбейген. Бұл – жақсы үрдіс. Ең бастысы, сөреде самсып тұрған дүниелер оқырманға олжа сыйласа болғаны.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА