Энергетикалық сусындарға елітпейік!
Бұрындары жүрек талмасымен, бүйрек, инсульт инфаркт, қан қысымы, ентікпе сынды дерттер жасы келген ата-әжелерімізде көптеп кездесетін еді... Байқасаңыздар, қазіргі таңда аталған ауру түрлері жастар арасында да жиілеп кетті. Себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жас балалар мен жасөспірімдердің энергетикалық сусындарды көп тұтынуы түрлі аурулардың белең алуына әкеліп соғуда.
Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты ұлттық зерттеудің былтырғы деректеріне үңілсек, сергіткіш сусындарды жасөспірімдердің 20,5 пайызы апта сайын ішетіні расталған.Бір қарағанда қарапайым сусын болып көрінетіні рас. Алайда мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындардың құрамында есірткі заттары бар, олар орталық нерв жүйесінің бұзылуына әсер етеді. Бала оны біршама уақыт үзбей ішетін болса, әбден дағдыланып, байланып қалуы да ғажап емес. Сонымен қатар энергетикалық және газдалған сусындардың кесірінен елімізде қант диабеті, семіздік және жүрек-қантамыры секілді аурулар көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетімен ауыратын науқастардың саны кейінгі 5 жылда 31 пайызға өсіп, 400 мыңға жуықтады.
Егер бұлай жалғаса берсе, мамандар «2030 жылға қарай сырқаттанғандар 1 миллионнан асады» деп болжап отыр.Денсаулық сақтау министрлігінің БАҚ-қа ұсынған деректерінде: «Кофеин тәуелсіз зат ретінде басқа жанама әсерлерді де тудыруы мүмкін. Ол белгілі бір мөлшерден кейін ағзаға зиян келтіреді. Ересектер үшін тәулігіне 400 миллиграмм (2-3 кесе) және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 100 миллиграмм (1-2 кесе) құрайды. Бұл – норма емес, ең жоғары рұқсат етілген тәуліктік доза.
Ал 1 бөтелке энергетикалық сусынның құрамында 8-9 кесе кофе бар. Энергетикалық сусындардан кофеинді шамадан тыс қабылдағанда асқазан-ішек жолдарының гиперстимуляциясына, жүрек айнуы, құсу, диарея және іштің ауырсынуына әкелуі мүмкін. Сусындағы қант стимулятор рөлін атқарады. Қантты шамадан тыс тұтыну жүрек ауруына, семіздікке, 2 типтегі қант диабетіне және басқа да метаболикалық проблемаларға әкелуі мүмкін.
Сондықтан көптеген ел оның жарнамасы мен сатылуын, әсіресе оларды кәмелетке толмағандар арасында тұтынуды реттеуді қадағалайды», делінген.Ең маңыздысы, энергетикалық сусындарды тұтынған жастардан сау ұрпақтың дүниеге келуі екіталай. Уақыт өте келе, ол біздің ағзамыздан дерт болып шығатыны анық. Дегенмен біз осыған жеткізбей қоғамдағы жас пен кәріге, шәкірттерімізге, таныстарымызға, достарымыз бен іні-қарындастарымызға энергетикалық сусындардың зиянын ұғындырудан шаршамайық.
Нұрсила ТӨРЕМҰРАТ,
оқушы,
Тараз қаласы