Цифрлық технологияларды енгізу – уақыт талабы
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT-қызмет көрсетуді дамыту – ерекше маңызға ие. Осыған орай бағдарлама аясында кітапхана қызметін үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімдеу мақсатында ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда аудандық орталық кітапханаға қарасты барлық 21 ауылдық кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған.
Цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауыл тұрғындарына «е.gov.kz» порталы арқылы қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда электрондық қызметтің 20 түрінен анықтама беріледі. Ауылдық кітапханаларда «e-gov.kz» порталы бойынша жалпы 35 104 анықтама берілген.Жалпы «Электронды үкімет» порталы – мемлекеттік қызметтер туралы ең қажетті ақпарат алуға бірыңғай қол жеткізу нүктесін қамтамасыз ететін және мемлекеттік қызметтер мен сервистерді электрондық түрде ұсынатын ақпараттық-анықтамалық интерактивтік веб-портал.
Бүгінде ел тұрғындарының өмірінің ажырамас бөлігіне айналған «Электронды үкімет» порталының шығу тарихына тоқталсақ, идея ең алғаш рет 2004 жылы 19 наурызда ел Президентінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында айтылған болатын. 2004 жылы «Электронды үкіметті» қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. 2006 жылы «egov.kz» веб-порталы іске қосылды. Алғашқыда портал тек мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық-анықтамалық түрдегі материалдардан тұрған еді.«Электронды үкімет» дегеніміз не және халық үшін қандай пайдасы бар?» деген мәселеге келетін болсақ, ақпараттық технологиялар біздің күнделікті өмірімізде маңызды рөлге ие болғалы қашан. IT-технологиялардың мемлекеттік басқару процесіне үйлесімді енгені соншалық, онсыз бүкіл жүйенің жұмыс істеуін көзге елестету қиын.
Мемлекеттік билік органдары мен халық арасындағы сандық өзара іс-қимылды ұйымдастыру әлемдік тәжірибеде электрондық үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады, ол «e-Government» деп аталады.«Электронды үкімет» порталын ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға негізделген және азаматтар мен ұйымдарға, оның ішінде интернет желісі арқылы қызмет көрсетуге барынша бағытталған мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тетігі деп айтсақ та болады.«Электронды үкіметті» енгізу мемлекет үшін сыбайлас жемқорлық сияқты зиянды құбылыстардың азаюына ықпал етіп, мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын арттырумен бірге, мемлекеттік органдарға өтініш қалдыру ісі де біршама жеңілдей түсті деп сеніммен айта аламыз.
«Электронды үкімет» құрудың маңызды себептерінің бірі – мемлекеттің қолда бар барлық ақпараттық ресурстарын, оның нақты бөлігіне қол жеткізу құқықтарын шектей отырып, біртұтас ортақ алаңға біріктіру жолымен «бір терезе» қағидатын енгізу болды. Қазіргі таңда «Электронды үкімет» порталының арқасында мемлекеттік қызметтің түрлері күніне 24 сағат, аптасына 7 күн қолжетімді болып тұр.«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның облыс бойынша филиалының Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі ауқымды жұмыстар атқаруда.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында орналасқан аталған бөлімнің реттеу залында клиенттерден құжат қабылдайтын 6 терезе, өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағытталған 4 терезе, дайын құжаттарды беретін, азаматтарды тіркеу және құжаттандыру бағытындағы терезелермен қатар, клиенттерге кеңес беру үстелі тұрғындарға қызмет көрсетеді.Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімі есепті кезеңде жылжымайтын мүлікке қатысты, халықты құжаттандыру мен тіркеу, еңбек және әлеуметтік қорғау, мәдениет, ақпарат және байланыс бағытында жергілікті атқарушы органдардан, басқа да салалардан «Электронды үкімет» порталы арқылы түрлі құжаттар қабылдап, сонымен бірге клиенттерге кеңестер беріліп, мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілген.
Айта кететін болсақ, «Электронды үкімет» порталымен қатар, «eGov mobile» мобильді қосымшасының жұмысы туралы тұрғындар арасында түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған мобильді қосымша арқылы электрондық қызметтер қолжетімді бола түсті. Атап айтқанда, құжаттардың цифрлық нұсқасынан бастап, вакцина паспорты, азаматтың әлеуметтік статусы, жер учаскесі және жылжымайтын мүлікке қатысты ақпараттар, сонымен қатар басқа да сервистік қызметтердің барлығы осында орналасқан. Ал қосымшаны әрбір азамат смартфонға жүктеп, кез келген уақытта онлайн түрде қажетті қызметті алуына болады. Бір жағынан, бұл азаматтарға қызмет алуға ыңғайлы болса, екінші жағынан, уақытты үнемдеуге де үлкен септігін тигізіп отыр. Міне, «Электронды үкімет» порталының тиімді тұстарының бірі осындай.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист,
Жуалы ауданы