Жаңалықтар

Бейнебақылау құрылғысы барлық мектепте бар

Облыс мектептерінде «Jambyl-109» сенім телефоны іске қосылды. Бұл туралы Ербол Қарашөкеев «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында өткен педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде айтқан болатын.

Жалпы биыл облыстағы білім беру нысандарының қауіпсіздігі үшін 1,4 миллиард теңге бөлініпті. Қазіргі таңда барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Сонымен қатар аналогтік бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүргізілуде.Сондай-ақ 594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек 75,5 пайызы мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілген.Аймақ басшысы облыс әкімдігінің білім басқармасына осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, кезең-кезеңімен аяқтауды ескертті.

Айта кетейік, салада атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс биылғы оқу жылында өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға төмендеген. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 93 мобильді топ құрылыпты. Жаңа оқу жылында кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында пилоттық жобалар сынақтан өткізіледі.Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты мәселелер, шағымдар мен ұсыныстар болған жағдайда байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Jambyl-109» сенім телефоны барлық мектептерге орнатылған.Білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау орталығында оқушылар мен олардың ата-аналарына, ұстаздарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіледі.

Білім беруді цифрландыру – сапалы білім берудің тетігі екені ақиқат. Осы орайда өңіріміздегі мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған.Интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға артқан.

Айжан Өзбекова