Шалғайдағы шығанақтың шырайы кіріп келеді
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақстанда мал басын 50 миллионға жеткізу туралы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шешіміне сәйкес Сарысу ауданындағы Бетпақдаламен шектесіп жатқан Төменгі Шу бойынан шаруашылықтар құру туралы мәселе көтерілген.
Сөйтіп, алдымен «Сарысу», одан кейін «Шығанақ», «Қамқалы» кеңшарлары құрыла бастады. Осы шаруашылықтардан Бетпақдала мен Арқа жайлауына мал шығарылды. Өз уақытында мал басы көбейіп, мал өнімдері жоғарғы көрсеткішке жетті.Қаратау өңірінен бастап, Шу бойы, Бетпақдала, Сарысу өзені, Арқа жайлауында осы шаруашылықтарды көркейтуге атсалысқан аудан қайраткерлерінің, еңбек майталмандарының, аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолы, еселі еңбектерінің ізі қалды.Қазіргі таңда бұл өңірде осы аға буын өкілдерінің жасампаз ұрпақтары тұрып жатыр.Иә, тамыры тереңнен бастау алатын Төменгі Шу бойы – киелі өңір. Қиын-қыстау кезеңде елге пана болған жер.Бұл қастерлі мекен – өз заманында талай даналар, билер мен батырлар, Алаш ардақтылары, тарихи тұлғалар тоқтап, ат шалдырған аймақ. Аудан тарихының да көптеген парағы осы өңірмен байланысты. Осы аймақта Шығанақ ауылының құрылғанына биыл 60 жыл толды. Күні кеше айтулы мерейтой жоғары деңгейде аталып өтті.
МЕРЕЙТОЙ ТАМАША ТАРТУЛАРМЕН БАСТАЛДЫ
Екі күнге созылған шара ауылдың көркіне көрік қосатын тартулардың ашылуымен басталды.Ауылдан шыққан айтулы азаматтар демеушілік танытып, «Киіз үй» сәулеті орналасқан демалыс орны, «Домбыра» сквері, «Шығанақ» стеласы, клуб үйінің жанынан жаздық сахна, алтыбақан, қонақүй сияқты нысандарды тарту етті.Айтулы мерейтойға арнайы қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов ауыл тұрғындарын құттықтап, ауылға қолдау білдіріп, тамаша тартулар жасап жатқан азаматтарға, түлектерге алғысын білдірді.Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, ауыл ағасы Жаңабай Мұсаев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.Ауылдың көркіне көрік қосқан нысандардың лентасы салтанатты жағдайда кесілді.
АУЫЛ АСПАНЫ ӘНГЕ БӨЛЕНДІ
Мерекелік шаралар кешкісін өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты. Төменгі Шу бойының, Шығанақ ауылының аспаны әнге бөленді.Өнердегі жолдары көпке үлгі, әндері көрерменнің жүрегіне жол тауып, жоғары бағасына ие болған елімізге танымал өнер қайраткерлері, өнер саласында жүрген жерлестеріміз өздерінің ән шашуымен мерейтойға арнайы келді.Елімізге еңбегі сіңген эстрада жұлдыздары Бағдат Сәмединова, Досымжан Таңатаров, осы Шығанақ ауылынан шыққан өнер қайраткерлері, сазгер Қайрат Жүнісов, Астанадан келген «Астана» әншілер тобының мүшелері Нартай мен Құралай, тараздық Гүлнұр Құрақбай, сондай-ақ жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, шараның көркін қыздырды.Гала-концерт ауылға іргелес жатқан көлдің жанындағы отшашуға ұласты.Өнер қайраткерлерінің, туған жерінің туын көтеруге келген жерлес өнерпаздардың қатысуымен өткен, шығармашылық шабыт ашылған, елге деген шынайы сезім ағылған бұл мерекенің ауылдықтар мен қонақтардың есінде ұзақ сақталып қалары анық.
САЛМАҒЫ БӨЛЕК САЛТАНАТ
Жұма күні басталған Шығанақ ауылының 60 жылдық мерейтойы сенбіде салтанатты жағдайда аталып өтті.Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, Жаңатас қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, алыс-жақыннан келген қонақтар, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп бас қосқан ауыл түлектері және тұрғындар қатысты.Салтанатты жиында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
– Бұл Төменгі Шу бойы – киелі өңір.
Шығанақ ауылының жанындағы «Қуаралда» киелі қобызда ұлттық саз дәстүрін орнықтырған, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының денесі жерленген. Тәуелсіздік алған жылдары үш кеңшар бір ауылдық округке біріктірілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты елмен бірге еңсерген өңір қазіргі таңда дамудың жолына түскен. Әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа ғимараттар салынып, жарық, ауызсу, байланыс, жол мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Имандылық үйлері бой көтеріп, түрлі спорттық нысандар пайдалануға берілді. Кәсіпкерлік қанат жайып, өріс малға толып келеді. Қамқалының тұз кенінен шыққан тұз өнімдері еліміздің түкпір-түкпірінде сатылуда. Ауыл жұртшылығы шалқар шабытпен мерейтойды атап өтуде. Шығанақтықтар өзінің ұйымшылдығын, ынтымақ-бірлігін, жасампаздығын көрсетіп отыр.«Ауылына қарап, азаматын таны» деген. Осы ауылдың түлектері, ауылдан шыққан айтулы азаматтар мерейтойға тарту ретінде түрлі нысандарды салып, пайдалануға беріп отыр. Осының бәрі шалғай өңірдегі еңсесін тіктеген елдің жарқын болашаққа деген сеніммен басқан нық қадамының көрінісі, – деген аудан басшысы жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, осы игілікті шараны ұйымшылдықпен өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға, қонақтарға, ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.
Сонымен қатар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.Бұдан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, Жаңатас қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.Ауданның дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ ауыл азаматы «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды.Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы ауылдың ең үлкен қариясы Ахметжан ата мен ауылдың жасы үлкен анасы Зиякүл әжеге қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасады.Бұдан кейін Қамқалы ауылдық округінің әкімі Мақсат Төлеутай мерейтойды өткізуге белсене атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Сондай-ақ шара барысында аудандық мәслихаттың осы округтен сайланған депутаты Талғат Наханов бастаған ұйымдастыру алқасының мүшелері де сахна төріне көтеріліп, мерейтойдың өтуіне қолдау білдірген аудан басшыларына, ел ағаларына алғыстарын білдіріп, құрмет көрсетті.Шығанақ кеңшарының ең алғашқы директоры, ауданның ардақты азаматы болған Қасым Ысқақовтың баласы Тұрар және қыздары сөзалып, өз естеліктерімен бөлісті.«Еліміз аман болып, ауылымыз дами берсін, бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп жүрейік» деген ниетпен ауылдың 60 жасқа толған 1964 жылғы түлектері бейбітшілік символын, яғни 60 ақкөгершінді әуелете аспанға ұшырды.Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Мерекелік шарадан соң арнайы ас беріліп, аруақтарға Құран бағышталды.
АЛАМАНДА АТ ОЗДЫРЫП, ПАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ...
Шығанақ ауылының 60 жылдық мерейтойының сәнін келтірген спорттық шаралар жанкүйер қауымның делебесін қоздырды.Түйе палуандар белдесіп, білектілер қол күрестіріп, қарулы жігіттер қошқар көтерсе, бәйге мен көкпар десе ішкен асын жерге қоятын ағайын аламанда ат оздырды.Сондай-ақ ауданның елді мекендерінен барған командалардың арасында өткен футбол, волейбол жарыстары да жанкүйер қауымды бір серпілтіп тастады.Бас жүлдеге ие болған жеңімпаздарды аудан әкімі Сәкен Мамытов өзі марапаттады.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі мен мерейтойды ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған дипломдармен, қаржылай және заттай сыйлықтарымен марапатталды.
ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар Төменгі Шу бойындағы ауылдарға да оңай соқпады. Аудан орталығынан 200 шақырым жерде желдің өтінде, Бетпақтың шетінде жатқан ауылдарға көңіл бөлу мүмкін болмады. Ел үдере көшті. Бірақ атақонысын қимаған бірқатар ағайын қиыншылыққа төзіп, тұрақтап қалды. Үш кеңшар бір округке, яғни Қамқалы ауылдық округіне біріктірілді.Ауылдарды сақтап қалуда, қалған елді ұйыстырып ұстап отыруда сол округті ұзақ жыл басқарған, ауданның Құрметті азаматы Сейітбек Бегмановтың еңбегі зор.Ол кісіден кейін екі жылдай округте әкім болған Мыңжасар Аймағамбетов те елді тұрақтандырып, ынтымақтаса жұмыс жасау жолында мүмкіндігінше қызмет атқарды.Бірақ тұрғындар ел болып қаламыз ба, әлде ауылдар тарай ма деген үміттен күдік басым жағдайда тұрып жатты. Өйткені бұл ауылдар даму әлеуеті жоқ елді мекендердің қатарына кірген болатын.
2012 жылдың күзінде осы Қамқалы ауылдық округіне әкім болып тағайындалдым. Сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы бұл өңірді, ауылдарды қайткен күнде де сақтап қалу керектігін айтып, жолдарын қарастырдық. Аудан әкімінің тұрғындармен бір есептік кездесуінде Қанатбек Қайшыбекұлының: «Ұлтарақтай жер болса да біздің аудан үшін қымбат, ауылдарды сақтап қалып, дамыту бағытында жұмыс жасайтын боламыз», – деп айтқан сөзі әлі есімде.Содан іске кірісіп кеттік. Округке қарасты ауылдарды даму әлеуеті бар елді мекендердің қатарына кіргізу жұмыстарымен бірінші кезекте айналысу керек болды. Заңдылығына келгенде, егер даму мүмкіндігі болмаса, ауылдарға қаржы қаралмайды. Ауылдың әлеуеті жан-жақты зерделенді. Облысқа, облыс арқылы республикаға ұсыныстар жіберілді.
Қамқалының тұз кені, үлкен Қамқалы көлінің балығы, аймақтың төрт түлік малдың басын көбейтуге тиімділігі, ауданның қысқы мал азығын дайындаудағы Шу өзенінің бойындағы шабындықтар, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, құрылысқа пайдаланылып жатқан Қамқалының тақтайтасы, өзге де қосалқы шаруашылықтар арқылы ауылдарды дамытуға болатын көптеген мүмкіндік түгел айтылды. Бұл тірліктер өз нәтижесін берді. Арада бір жарым жыл өткенде, 2014 жылдың көктемінде Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдары даму әлеуеті бар елді мекендердің қатарына кірді.Осы жылы аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің тұрғындармен кездесу жиынында ауылдың жасы үлкен қариясы, еңбек ардагері, Шығанақ ауылының қазығын қаққан аға буын өкілдерінің бірі Таймас Сембеков: «Үйде ауырып, мазам болмай жатыр едім, сонда да келдім. Айналайындар, бізді ел қатарына қосқандарыңа рақмет айтуға келдім», – деп аталық ақ батасын берген еді.
Ауылдар даму әлеуеті бар елді мекендердің қатарына кіргеннен кейін округке қаржы келе бастады. Ұзақ уақыт жөндеу көрмеген клуб, кітапханалардың өңі кіріп қалды. Мектептердің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, жөндеуге қойылды. Ауылда телефон байланысы қиындық туғызатын. Тек мектептер мен әкімшілікте және оншақты үйде спутниктік байланыс болатын. Шығанақ ауылындағы телефон байланысы кешегі Кеңес заманынан қалған күйде еді. Оның жұмыс істегенінен істемейтін күні көп. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының сол өңірдегі өкілі Сейтан деген ағамыз үй бетін көрмей телефон бағаналарының басында үзілген жерді жалғап жүретін.2014 жылдың соңында 5-тік нөмірден басталатын кабельсіз телефон іске қосылды. Бұл байланыс келген күн ауылдықтар үшін ұмытылмайтын сәт болды.
Округтегі әрбір үй, мекемелер мен ауылдан тысқары отырған шаруашылықтардың барлығы телефонмен қамтамасыз етілді.Ауызсу жүйелері ретке келтіріліп, ауылдар жарықтандырыла бастады.Малшаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар насихатталды. Бұл бағдарламаларды түсіндіру әрі іске асыру мақсатында аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы жауапты сала басшыларын, мамандарды ертіп аймаққа жиі келіп тұрды. Шу бойының жағдайын ерекше бақылауына алып, қадағалап отырды.
Мен бұл қызметтің алдында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімін, «Жастар орталығын» басқарғандықтан болар, үш ауылда мәдени-қоғамдық, спорттық шараларды да көптеп өткіздім.Осы тірліктің барлығы елдің еңсесін көтеріп, болашаққа деген сенімін арттырды. Ауылдың кәсіпкер жігіттері – Орман Аханбеков Шығанақ ауылының кіреберісіне арка орнатса, Талғат Түсіпбеков Қамқалы ауылына ветпункт, мешіт салып берді. Қамқалы ауылындағы кәсіпкер азамат Нұрболат Жусанбаев еңселі әкімшілік ғимаратын салды. Кейіннен Нұрболат Шығанақ ауылынан үлкен мешіт салып, пайдалануға берді.Бұл азаматтар әлі де ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене араласып, көмек қолдарын созып отырады.
Осындай игілікті шаралар ауыл тұрғындарының көңіліне қуаныш ұялатып, көшеміз деген ойдан арылтты. Міне, содан бері тоғыз-он жылға жуық уақыт болды. Төменгі Шу бойындағы ауылдар дамудың жолына түсті. Ел еңсесін көтерді. Оның нәтижесі – болашаққа деген сеніммен алға нық қадам басқан, қазақы, қонақжай қалпын сақтаған, шалғайдағы ақкөңіл, ақжүрек ағайынның кешегі қуанышы, берекеге толы мерейтойлық мерекесі.Үш жылдан аса қызмет жасап, шалғайдағы елдің еңсесін көтеруге атсалысқан кездерімді мен де ерекше сезіммен еске алып отырамын. Ол жақтағы ағайынның ортасында бір баласындай болған кездерім менің өмірімдегі бақытты кезеңдердің бірі болмақ. Шалғай өңірдегі елдің болашағы жарқын болғай!
Асан Тілемісов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі