Жаңалықтар

Ұстанымы бөлек ұстаз

Ұстаз – кісіліктің бітім-болмысының үлгісі. Өйткені мұғалім кісі баласын оқытумен қатар, оқушы бойына мәдениет пен әдептің, әдеттің, тәрбиенің ең озығын сіңіріп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнайды.

Талас ауданы, Көшек батыр ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Манарбек Бижігіт те мұғалім болудың жауапкершілігі қандай болатынын өн бойынан өткізіп, ұстаздық қызметке қойылар талап үдесінен шыға білді. Талғамы мен таразылауы бөлек, оқытушылық ойы озық, кісілік келбеті келісті осындай ұстаз ғана мұғалім мәртебесінің аса биік деңгейде тұратынын көрсетеді.1961 жылы 1 қыркүйекте дүниеге келген Манарбек Патшабекұлы орта мектептен кейін, яғни 1978-1982 жылдары Алматы дене тәрбиесі институтында оқыды.

Еңбек жолын 1982 жылы бастаған ол дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып 42 жыл еңбек етті. Осы жылдар аралығында аядай ауылда спортқа жаны құмар шәкірттер тәрбиелеп, оқушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарды.Мұны ұстаз еңбегінің өтеуі деуге болады.Манарбек Бижігіт 2010 жылы аудандық мәслихаттың, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2019 жылы республикалық «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісіне ие болды.

2020 жылы кеудесіне «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалі тағылды. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, 2023 жылы «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды.Ұстаздық қызметті абыроймен атқарған Манарбек Патшабекұлын зейнеттік 63 жасқа толуымен құттықтаймыз. Ұлағатты ұстазға бейнетінің зейнетін көруді, немере-шөберелерінің ортасында ұзақ ғұмыр кешуді тілейміз! 

Құттықтаушылар: Талас ауданы, Көшек

батыр ауылы, Жамбыл атындағы орта

мектептің ұжымы