Қамқорлық құшағында
Жыл сайын дәстүрлі түрде ел көлемінде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Науқанға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері де атсалысып, елдік пен кеңдіктің үлгісін көрсетуде. Игі дәстүрді жалғастырған «Махмұт Қашқари» атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі ҚР Конституциясы күні мен Білім күніне орай «Достық» үйінде «Мектепке жол» акциясын өткізді.
Акцияның басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық көмек көрсету, балалардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармауының алдын алу.Ата-аналардың алғысы мен бүлдіршіндердің ризашылығына бөленетін дәстүрлі акцияда бірлестік өкілдері 30 баланы мектепке қажетті оқу құралдарымен қатамасыз етті.
Жиында бірлестік жетекшісі Мухабат Абдрахманқызы және «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев балаларды әне-міне басталатын жаңа оқу жылымен құттықтады.
Акция аясында балаларға базарлық таратылып қана қоймай, оларға сәні мен сәулеті келіскен «Достық» үйінің ішкі көрінісі көрсетіліп, түрлі аниматорлық ойын-сауықтар, сабын көпіршіктерінен шоу ұйымдастырылды. Өз кезегінде акцияға қатысқан ата-аналар да бірлестік мүшелеріне ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ