Оқушылар онлайн оқымайды
Smartnews.kz ақпараттық сайтында журналист Дана Асылбектің «15 қыркүйектен бастап оқушылар онлайн сабақ оқиды» деген мақаласы жарияланған болатын. Осыған орай көптің көкейінде «Оқушылар тағы да қашықтан білім ала ма?» деген сұрақ туындады. Тіпті ел ішінде «қайта бетперде киеді екенбіз, қашықтан жұмыс істеуіміз мүмкін» деген сыбыс тарап кетті.
Бұл ақпарат оқу жылына дайындалып жатқан ата-аналар мен оқушыларды және көпшілікті алаңдатқаны анық. Әрі облыста коронавирустың 2 дерегі тіркелгелі бері халықтың көңілін қорқыныш билеп алған. Себебі ел-жұрттың бұрынғысынша «сақтық – саулықта» деп үйде қамалып отырғысы келмейді. Осы орайда ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін біз облыс әкімдігінің білім басқармасы қызметкеріне хабарласқан едік.
Бұдан кейін «ел ішінде тараған ақпараттың өзектілігі бар ма, жоқ па?» деген оймен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарына жолықтық. Олар 15 қыркүйектен бастап оқушылар қашықтан оқуға жіберілмейтінін, қысқасы, алыпқашпа әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты.
Жер бетінде адамзат пайда болғалы ақиқат пен аңыздың, шындық пен жалғандықтың тайталасы таусылған емес. Сондықтан да дана халқымызда «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген сөз бар. Бір айта кетерлігі, жалған ақпарат таратушы жазаланып, темір торға тоғытылуы да әбден мүмкін. Сол себепті кез келген адам әр нәрсенің байыбына бармай жатып байбалам салмағаны, нақты көз жеткізілмеген ақпаратты таратудан абай болғаны абзал.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА