Желмен жарысқан желаяқтар сынға түсті
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Тараз қаласында жексенбі күні 3 түрлі қашықтыққа жүгіруден «QAZAQ MARATHON ZHAMBYL – 2024» атты ауқымды марафон өтті. Халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсат тұтқан сайысқа еліміздің өзге аймақтарынан және көршілес Қырғыз, Ресей мен Украина елдерінен желаяқтар қатысты.
Желаяқтар таңсәріден облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағына жиналды. Марафон ережесімен жарыс Тәуке хан көшесінен бастау алды. Мұнан соң марафоншылар Төле би және Жамбыл даңғылдарының бойымен, Әйтеке би, Шостакович, Т.Рысқұлов, Б.Майлин мен Айша бибі көшелерімен жүгіріп өтіп, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдындағы мәре сызығын кесіп өтті. Ал спорттық іс-шараға қатысушылардың алды небәрі 18 минутта-ақ мәреге жетіп үлгерді.Жалпы іс-шараға жалынды жасөспірімдермен қатар, 60 жасқа аяқ басқан алдыңғы буын өкілдері де белсене қатысты.
– Бірнеше жылдан бері ел аумағында ұйымдастырылған марафондарға қатысып, бағымды сынап келемін. Осылайша жеңіл атлетикаға жаны құмар жастармен бірге жаттыға бастадым. Бүгінге дейін ауыз толтырып айтарлықтай біршама жетістікке жетіп те үлгердім. Өз кезегінде мұның бәрі – тынымсыз жаттығудың нәтижесі, – деді алдына жан салмаған Ақбілек.
Есен ӨТЕУЛІ,
журналист