«Апатпен күрескені үшін» медалімен марапаттады
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқанбетәлі Шалқарбеков Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы № 85395 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздарын «Апатпен күрескені үшін» медалімен марапаттады.
Марапаттау салтанатына партия атынан бір мандаттық жүйемен облыстық мәслихатқа сайланған депутат Дәурен Ахметжаев, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Найзақұлов, филиал төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова және № 85395 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жәнібек Құранбеков, бөлім командирінің орынбасары, подполковник Алтай Ташкеев қатысты.
№ 85395 әскери бөлімінде өткен марапаттау салтанатында әскерилер сап түзеп, үрмелі аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен мемлекеттік Әнұранымызды шырқады.
Жиында М.Шалқарбеков әскери қызметкерлерді құттықтап, Отан тыныштығының күзетінде өз міндеттерін адал атқарып жүрген азаматтардың еңбектеріне табыс тіледі. Көктемгі су тасқыны салдарынан жарияланған төтенше жағдай кезінде су басқан аймақтардағы құтқару жұмыстарына қатысқан 8 әскери қызметкер мен қатардағы жауынгерлерге «Апатпен күрескені үшін» медалін тапсырды.
Өз кезегінде № 85395 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жәнібек Құранбеков әскерилердің еңбегін ескеріп, марапаттаған партия филиалының төрағасына ризашылығын жеткізіп, бөлім атынан Алғыс хат тапсырды. Ж.Құранбековтің айтуынша, көктемгі тасқын суға қарсы күреске бөлімнің 300 жауынгері жұмылдырылған екен.
Өздеріңізге белгілі, көктемгі тасқын судың салдарынан еліміздің бірнеше өңірінде төтенше жағдай жарияланған болатын. Сол шақта ел болып жұмылып, тасқын суға қарсы күресті. Су басқан елді мекендердің тұрғындары басқа аймақтарға көшіріліп, құтқару жұмыстары жүргізілді.
Барлық облыстың арнайы құрылымдары осы іске белсенді түрде жұмыла кірісті. «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар, кәсіпкерлер,мекеме қызметкерлері, қарапайым тұрғындармен бірге құтқару жұмыстарына, тасқынға қарсы күреске атсалысты. Гуманитарлық көмектер ұйымдастырды.