Жаңалықтар

Отандық білім беру ұйымдарынан 1 млдр теңгеден астам қаражат ұрланды

ҚР Қаржы министрлігінің міндеттерінің бірі – мемлекеттік бюджет қаражатын ұрлауды анықтау және оның жолын кесу. Жаз мезгілінде тәуекелдерді басқару және қаржылық бақылау жүйесі негізінде ішкі мемлекеттік аудит жүргізілген болатын. Айталық, бірнеше айдың ішінде 36 білім беру ұйымында 1 млрд теңгеден астам сомаға ұрлық фактісі тіркелді, деп хабарлайды arainfo.kz. Бұл туралы Қаржы министрлігі мәлімдеді.

Күдікті операцияларды талдау тәсілі олардың ең көп таралған түрін анықтады.

Мәселен, қосарлы (екі түрлі) есепке алу мен еңбекақыны асыра бағалау деректері дәлелденді.

Атап айтқанда, № 48 Ақтөбе орта мектебінің құжаттарында есепшінің жалақысы жылына 700 мың теңгеден сәл артық болғаны жазылса, іс жүзінде оның картадағы шотына ай сайын шамамен 3-5 млн теңгеге дейін аударылып келген.

Екінші кең таралған алаяқтық – жалған қызметкерлерге ақша аудару. Құжаттар бойынша жалақы бірқатар адамға жіберіледі. Ал шындығында оны басқа тұлғалар кәдеге жаратып отырған. Мысалы, Қарағандының №33 балабақша кешен-мектебінде ондаған қызметкерге қаражат аударылғанымен жымысқы әрекетке сәйкес тиісті ақшаны екі есепші карталарына аударту арқылы иемденіп келген. Келтірілген шығын мөлшері – 207,4 млн теңге.

Үшінші заңсыз амал – бюджет қаражатын әдеттен тыс жоғары мөлшердегі сомамен аудартуды қайталау. Нақты айтсақ, Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бас есепшісі мен информатика пәнінің мұғалімі 2023 жылы айына 3 реттен артық жалақы алып отырғаны әшкере болды. Бұдан келген шығын көлемі – 69 млн теңге.

Бұл заңды белден басудың тек ең танымал жолдары  ғана. Осы ретте Қаржы министрлігі мемлекеттік органдардың бюджетін қалыптастыру және бухгалтерлік есеп жүргізу процестерін автоматтандыру есебінен нақты уақыт режімінде тиісті бақылауды күшейтіп жатқанын айта кетейік.