Паралимпиадашылар сақадай сай
28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде Паралимпиада ойындары өтеді. Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылғы XVII жазғы Паралимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесіп, Мемлекеттік туды табыстады.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында ел туын отырып ойнайтын волейболдан Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов пен пара оқ атудан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева ұстайды.Олжас Бектенов кездесуде ұлттық паралимпиада құрамасына табыс тіледі.
Жалпы Қазақстанның пара спортшылары Паралимпиадаға биыл сегізінші мәрте қатысады. 1996 жылдан бері қазақстандық саңлақтар жазғы Паралимпиадада 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алған.Ал биылғы Париж Паралимпиадасына 33 лицензия жеңіп алды. Спорттың 9 түрінен (пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, пара дзюдо) 44 спортшы бақ сынайды.Төртжылдықтың басты додасына жамбылдық 4 спортшы қатысады. Жүзуден Зульфия Габидуллина және Нұрдаулет Жұмағали, таэквондодан Өмірәлі Нышан және жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілхасымқызы ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.
AR-AI АҚПАРАТ