Спорт

Ұмытылған «тоғызат» ойыны жаңғыртылды

Осыдан бірнеше ай бұрын Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуді ұсынған болатын.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ интеллектуалдық ойыны түркі халықтарының ортақ мұрасы екенін атап өтті. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойыны көптеген елде белгілі болғанымен, кеңінен таралуына бірқатар мәселе кедергі келтіріп тұрғанын тілге тиек етті.

– Ойынның екі негізгі атауы белгіленді: қазақша – «тоғызқұмалақ», қырғызша – «тоғызқоргол», ішінара түрікше – «мангала/гечюрме». Қазақстан тарапы халықаралық жарыстарды ұйымдастырғанда ойынды «тоғызқұмалақ» деп атайды. Ал қырғыз тарапында «тоғызқоргол» атауы қолданылған. Түркі халықтарына ортақ ойын әлемдік аренада бірнеше атауға ие», – деп түсіндірді депутат.Депутат Дүниежүзілік этникалық спорт түрлері конфедерациясы, Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен бірлескен шешім қабылдауға шақырды.Келесі күні Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов ресми мәлімдеме жасап, депутаттың ұсынысын қолдамайтынын айтты.

Жалпы ел ішінде «Тоғызат» ойынына қатысты айтылатын аңыз-әңгіме аз емес. Ертеде ас-тойларда жиі кездесетін қазақ-қырғыз байлары мен манаптары тоғызқұмалақ ойнату үшін қастарына мықты ойыншыларды ертіп жүрген екен. Үлкен жиындарда тоғызқұмалақ жарысында ойыншысы жеңілген бай жеңген жаққа тоғыз тұлпар беретін болған. Сондықтан тоғызқұмалақ ойынының ортақ «Тоғызат» атауы пайда болған деседі. Тағы бір әңгімеде бай-манаптардың қыз-келіншектері тоғызқұмалақ ойнағанда ойын қызықты болуы үшін жай тастарға түрлі-түсті бағалы тастарды араластырып ойнаған және бағалы тастар ойында көп ұпай беретін болған.Жоғарыдағы дауды және аңыз-әңгімелерді ескере отырып, ғалым-өнертапқыш Құрмет Сұлтанұлының басқаруымен бірнеше адам «Тоғызат» ойынын жаңғырту жобасын қолға алды. Жобаға Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, профессор Қайрат Закирьянов қолдау көрсетті. Қазіргі таңда «Тоғызат» ойынына патент алу жұмыстары жүргізілуде. 

«Тоғызат» ойыны үшін тоғызқұмалақ ойынының тақтасына ұқсас арнайы тақта қолданылады. Бірақ ойын түріне қарай барлық тастар екі түстен тоғыз түске дейін боялады. Мысалы, «Тоғызат» ойынының 9.9 түрі үшін әр ойыншының 81 тасы тоғыз түске боялады және тастар түсіне қарай 1-ден 9-ға дейін ұпай береді. Ал «Тоғызат» ойынының 9.3 түрінде әр ойыншының 81 тасы үш түске боялады, тастар сәйкесінше 1,2 және 3 ұпай береді. Тоғызқұмалақ ойыны негізі «Тоғызат» ойынының тоғыз түрінің бірі екенін айта кеткен жөн.

«Тоғызат» ойынын жаңғыртудағы басты мақсат түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және дамыту болғандықтан ойын тақтасының әр ойыншыға тиесілі 9 ойығын мемлекеттердің атымен атау ұсынылды. №1 ойық – Әзірбайжан; №2 ойық – Венгрия; №3 ойық – Қырғызстан; №4 ойық – Өзбекстан; №5 ойық – Түркіменстан; №6 ойық – Түркия; № 7 ойық – Қазақстан; №8 ойық – Қытай; №9 ойық – Ресей. Жеңген тастар жиналатын үлкен екі ойық «Одақ» деп аталады.Ал ойықтарды нөмірлеу мемлекеттердің жер көлемін ескере отырып тағайындалды. Соңғы екі ойық Қытай және Ресей деп аталады. Өйткені аталған екі мемлекетте көптеген түркі халықтары өмір сүреді.

Сонымен қатар Қытай мен Ресей түркі халықтары ерте заманнан сауда-экономикалық және саяси байланыста болған көршілес елдер. Ойықтың атауы ойынға әсер етпейді. Бірақ ойынның мақсатына қатысты болса, оны қызықты етеді. Сондықтан ойықтарға қажет болған жағдайда басқа атау беруге де болады.«Тоғызат» ойынының мақсаты – бейнелеп айтқанда,мемлекеттердің одағын құру, сол үшін көбірек қолдаушыларды (тастар), әсіресе беделді қолдаушыларды (үлкен ұпай әкелетін тастар) жинау.Негізі жаңғыртылған «Тоғызат» ойынының ережесі тоғызқұмалақ ойынының ережелеріне толық сәйкес келеді. Сондықтан жаңа ойынды үйрену оп-оңай. Екі ойын ережесіндегі айырмашылық ойын ұпайларын есептеу тәсілінде ғана. «Тоғызат» ойынында ойыншылардың ұпайларын санау кезінде тастардың «бағасы» да есепке алынады, өйткені тастар түсіне қарай әртүрлі ұпайлар береді. Жалғыз айырмашылығы – ойынның тексеру кестесін құрастыру кезінде әрбір ойықта қандай дәрежелі қанша шар бар екенін көрсету керек.Тастардың дәрежесінің санына байланысты «Тоғызат» ойынының кемінде 9 түрі және ойынның басында тастардың ойықтарға орналасу тәртібіне қарай екі түршесі бар.

Егер ойын басында әр ойықта тең дәрежедегі тастар болса, онда ойынның бұл түршесі «Тазы» деп аталады. Өйткені бұл жағдайда ойынның басында тез көп ұпай ұтып алуға болады. Ойын басында ойықтарда әртүрлі дәрежелі тастар болса, онда бұл жағдай ойынның екінші түршесі болады және ол «Төбет» деп аталады.Тоғызқұмалақ ойынында барлық тастардың дәрежесі тең болғандықтан ойыншының тек 9 түрлі жүріс жасауға мүмкіндігі бар. Ал «Тоғызат» ойынында түріне қарай тастарда 2-ден 9-ға дейін дәреже болады.Тастарды ойықтарға салу комбинацияларының саны тастардың дәрежелерінің санына байланысты факториалдық функция бойынша анықталады. Жүріс кез келген ойықтан жасалатындықтан және ойықтардың саны 9 болғандықтан жүріс нұсқаларының санын K = 9n! формуласы арқылы есептеуге болады, мұндағы n – тастардың дәрежелерінің саны.

Мәселен, «Тоғызат» ойынының 9.9 түріндегі «Төбет» түршесі ойналсын. Бұл жағдайда ойынның басында 9 ойықтың әрқайсысында 1-ден 9-ға дейін ұпай беретін 9 тас болады. Кез келген ойықтан алынған 9 тасты басқа ойықтарға орналастыру варианттарының саны P₉ = 9! = 362 880, ал мүмкін болатын жүрістердің саны K = 9 × 9! = 3 265 920 болады.Шахмат ойынында ойыншы алғашқы жүрісті тек 20 нұсқаның ішінен таңдай алады, алайда шахматта жүріс саны артқан сайын жүрістің нұсқалары тез өседі.Көріп отырғанымыздай, «Тоғызат» ойынында жүрістің көптеген варианты бар және адам бұл варианттардың бәрін қысқа уақытта талдай алмайды. Дегенмен жүріс нұсқаларының көптігінен қорқудың қажеті жоқ. Өйткені 9 тастың тек соңғысы ойын үшін өте маңызды және соңғы тас түсетін ойықтың санын есептеу мүлдем қиын емес.

Қалған 8 тастың маңыздылығы соңғы тасқа қарағанда айтарлықтай төмен болса да, олардың да ойын үшін маңызды екенін есте ұстаған жөн. Осы 8 тастың ойықтарда орналасуы стратегиялық жағынан маңызды. Сондықтан «Тоғызат» ойынында стратегиялық ойлау қабілетінің болуы үлкен рөл атқарады. Осы айтылғандар «Тоғызат» ойынының зияткерлілігінің жоғары екенін растайды.Егер «Тоғызат» ойынының «тазы» түршесі ойналса, онда ойықтарда дәрежелері бірдей тастар болады, сондықтан бастапқыда ойыншыда жүрістің небәрі 9 варианты бар («Тоғызат» ойынының кез келген түрі үшін), сол себепті «Тоғызат» ойынының «тазы» түршесі «төбет» түршесіне қарағанда жылдамырақ ойналады. Дегенмен бірнеше жүрістен кейін әртүрлі дәрежедегі тастар араласады, сондықтан жүріс саны артқан сайын жүрістің нұсқаларының саны да артады. Әрине, жүріс нұсқалары алдымен өседі, содан кейін төмендейді, өйткені ойынның соңына қарай тастардың саны нөлге дейін азаяды.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,
Тараз қаласының тұрғыны