Жасанды нейрондық желі несімен тиімді?
Жарты ғасыр бойы әлем ғалымдары адам санасының, яғни адам миының көшірмесін жасап шығару жолында еңбектенуде. Әзірге адам санасын толықтай алмастыратын аналог жасалған жоқ. Оны ғылымда «жасанды интеллект» деп атайды.
1956 жылдың жазында Джон Маккарти есімді америкалық бағдарламашы АҚШ-тың Дартмут колледжінде өткен ғылыми конференцияда бұл терминді алғаш рет қолданған. Д.Маккарти компьютерлік бағдарламалаудағы ең алғашқы тілдердің бірі Лисптің негізін салған. Жасанды интеллекттің дамуына қосқан үлесі үшін Маккарти зейнет жасында Тюринг премиясының лауреаты атанады.Бірақ жасанды интеллект термині Джон Маккартиге дейін де қолданыста болған. Дегенмен белгілі бір атауы болмаған еді. Ал қазіргі таңда біз жасанды интеллектті өміріміздің барлық саласынан көріп, біліп, тіпті пайдаланып жүрміз. Көптеген компания, мәселен «Алиса Яндекс» және «Siri» қосымшалары, көліктердегі адаптивті круиз-контроль функцияларында жасанды интеллект жарыса қолданылып келеді. Қазақстандық автоблогер Олжас Оқас өзінің «YouTube» каналында өздігінен автоматты түрде жүретін көлікті көрсеткен болатын. Көлікте барлық қауіпсіздік жүйелерін қосып, рөлден қолыңды алуға, тіпті көлік педалінен аяқты алып тастауға болатын көрінеді. Олжас Оқастың айтуынша, смарт кілттің көмегімен көлікті оталдыруға да болады екен. Кілттегі арнайы батырманы ұстап тұрып пәрмен беру арқылы көлік алға қарай жүреді.
Бұл адамдарға өте ыңғайлы, себебі жасанды интеллект адамдардан екі есе тез ойланып, мүмкін емес дүниелерді мүмкін етеді. Әрине, бұл жасанды интеллекттің пайдалы жағының бір бөлігі. Дегенмен оны әскери мақсатта пайдалану, адамзатты қорғаудан бөлек, қауіп-қатер де төндіруі мүмкін. ҚР Қарулы Күштерінің офицері, жас ғалым Ерғали Нұрғалиев: «Жасанды интеллект әскери мақсатта бұрыннан қолданылатынына осы саладан хабарым бар болғандықтан сеніммен айта аламын. Қазіргі замандағы заманауи қару-жарақтар мен түрлі техникалардың барлығы дерлік жасанды интеллектті қолданады. Мысалы, өздігінен дәлдейтін снарядтар көздеген нысананың артынан қуып жүріп тиеді. Оны әскерилер өткен ғасырдан бері пайдалануда», – дейді.
«Жасанды интеллект пен нейронды желінің арасында қандай айырмашылық бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жасанды интеллект – белгілі бір берілген алгоритм шеңберінен шығарылмайды. Яғни қарапайым тілде айтқанда, адамның миы шексіз идеяға толы. Ғалымдардың мақсаты – осы жасанды интеллектті адамдар сияқты еркін ойлайтын деңгейге жеткізу. Нақтырақ айтқанда, жасанды интеллектке шексіз ойлау мүмкіндігін жасау. Ал оған дайын модель ретінде адам миының құрылымы таңдалынып алынды.
Осылайша адам миының дәл көшірмесін жасау үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіле бастады. Жасанды интеллектті дамытудағы институттарға нейроғалымдар тартылды. Олардың ішіне нейробиологтар, невролог және нейрохимиктер кіреді. Сөйтіп, нейронды желі құрылды. Ол дегеніміз – адам миына әртүрлі ақпараттарды тасымалдаушы жүйке жасушасы.Ал «ChatGPT» дегеніміз не? Кез келген сәтте, одан бөлек адамның денсаулығына қауіп төнген жағдайда алғашқы көмекті сұрауға болады. Мысалы, кішкентай бала кілтті не болмаса ұсақ затты жұтып қойды делік. Енді оны қалай шығару керек екеніне бас қатырып отырмай, «ChatGPT» қосымшасынан сұрап көрейік. Бірнеше секундтан кейін сұраққа анализ жасап, сізге тиісті жауабы келеді. Сұрақты орыс тілінде жазу керек, өйткені қазақ тілінде әлі де бұл чат толыққанды жаттықпаған. Бір ескерте кететін жайт, жоғарыда айтқан оқыс жағдайға «ChatGPT» толық жауап бере алмайды. Себебі ол тәжірибелі дәрігер емес екенін естен шығармаңыз. Сонымен қоса чат оқиғаның мән-жайын білмейді, тек жалпылама нұсқаларды көрсете алады. Егер байқасаңыз, «ChatGPT» өз нұсқасында дәрігерге жүгіну керегін көрсетеді.
Тура осы секілді не болмаса өзіңіздің ойыңызда жүрген түрлі дүниелерді «ChatGPT»-тың chat.openai.com сайтынан біле аласыз. Яғни «ChatGPT» – үлкен көлемді деректерден үйрену арқылы жасалған жасанды интеллект. Бұл қосымшаның білім қоры өте үлкен, сондықтан ондағы мәліметтер жүйесі әртүрлі кітаптардан, мақалалардан, веб-беттер мен деректер базасынан және сол сияқты дереккөздерден алынған. Бұл чат сізге көптеген мүмкіндікті ұсынады. Мәселен, егер сіз мектеп оқушысы болсаңыз, сізге ол шығарманы тез арада жазып береді. Тіпті өзіңіз мектепте қиналып оқитын математика, химия секілді сабақтарды шығарып береді. Ал егер мұғалім болсаңыз, сізге сабақ жоспарын құрып, тақырып бойынша сұрақтар дайындай алады. Егер бір жеріңіз ауырған жағдайда алғашқы көмекті «ChatGPT» қосымшасы көрсетіп, қандай шаралар қолдану керегін айтады. Сізде егер бизнес болса, оны жүргізудің жолын, табысты ету бағытын көрсетеді.Қазақстан медиа кеңістігінде «Atameken Business» телеарнасын жасанды интеллектке негізделген цифрлық технологияларды енгізудің «пионері» деуге болады. Қазақстандағы тұңғыш виртуалды жүргізуші I-Sanj эфирге шыққанына үш жыл болды.
Бұл атақты актер Санжар Мәдидің роботтық дублі. Оған қоса осы жылдың 7 наурызында телеарнада тағы бір цифрлық жаңалық – қазақ тіліндегі алғашқы виртуалды жүргізуші – i-Sana пайда болды. Егер мәселенің техникалық жағы туралы айтатын болсақ, онда әзірлеу «Python» бағдарлама тілінде жүргізілді. Виртуалды жүргізушіні жасаумен Александр Серов пен Вячеслав Бублик жұмыс істеген. Олар процестің негізгі мәліметтерімен бөлісті. Машиналық оқыту үлгілерімен жұмыс істеу үшін әзірлеушілер кеңінен қолданылатын PyTorch құрылымын пайдаланған. Бейнені кадр бойынша түрлендіру үшін әзірлеушілер wav2lip машиналық оқыту үлгісін пайдаланды. Wav2lip бірнеше үлгілерден тұрады: сарапшы модель, дыбыстан алынған кескін генераторы және визуалды кескін сапасының дискриминаторы. Дауысты түрлендіру, сапаны жақсарту үшін конфигурацияланған AutoVC бағдарламалық құралы қолданылды. Сөйлеу синтезі үшін Tacotron 2 пайдаланылды. Бұл – дауыстан сөйлеуді генерациялауға арналған нейрондық желі. Жобаның бірегейлігі – әзірлеушілер нақты адамға жетелейтін ең жақын нұсқасын, артикуляцияға, мимикаға, қазақша сөйлеуді синтездеуге дейін жасалғандығында. Дегенмен жасанды интеллекттің алар асуы әлі алда деп сенеміз.
Дариға АСҚАР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің студенті