Жамбыл ауданында жүйелі іс көп
Жұртшылықтың басты мәселесінің бірі – баспана. Сол үшін елімізде мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен және мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамтуға айрықша назар аударылып, қарқынды жұмыстар атқарылуда.
ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫНЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тегін баспанамен Ұлы Отан соғысының ардагерлері немесе жетiм, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе мүгедектігі бар бала, мемлекеттік қызметкер секілді тағы да басқа санаттарға жататын адамдар қамтылатыны белгілі. Ең бастысы, әуелі өтініш беруші жергілікті жердің тұрғылықты азаматы болуы шарт. Жамбыл ауданында 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 39 мың 264 шаршы метрді құрапты.Негізі ауданда тұрғын үй кезегіне 1 721 адам тіркелсе, 120-сы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Ал әлеуметтік әлсіз топқа жататыны 633 адам, сонымен қатар 614 көпбалалы отбасы болса, 354-і мемлекеттік қызметшілер.Бұдан бөлек республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алуға бөлінген қаржыға аудан орталығы – Аса ауылында арнайы үйлер салынып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл көлемі 568,4 миллион теңгені құрайтын 40 отбасыға арналған үй. Көлемі 78 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі деп күтілсе, оның арасында біз сөз етіп отырған санаттағы азаматтар да бар.
Халықты баспанамен қамтудың тағы бір жолы – үй салу үшін кезекте тұрған азаматтарға жер телімін үлестіру. Қазіргі таңда ауданда жер телімін алу үшін 20 518 адам кезекте тұрған көрінеді.2021 жылы 7 елді мекендегі жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ тарту, қиыршық тас төсеу секілді жұмыстар жүргізіліп, кезектілікке сәйкес барлығы 1 053 жер телімі халыққа үлестіріліпті. Тарқата айтсақ, Бірлесу Еңбек ауылында – 130, Тастөбеде – 79, Бесжылдықта – 97, Айша бибіде – 382, Бектөбеде – 143, Қызылқайнарда 222 жер телімі берілген. Былтыр Аса ауылында кезекте тұрған азаматтарға 811 жер телімі таратылған. Жалпы соңғы үш жылда 7 елді мекенде 1 864 жер телімі тұрғын үй салуға берілсе, қазіргі таңда баспанаға мұқтаждар өздеріне тиесілі жер теліміне үй салуда.Негізі ауылдық жердегі тұрмысы нашар отбасылардың қалалық жерден үй алуына немесе жергілікті жерде баспана салуына күші жетпейтіні анық. Бірақ мұндай қиыншылықты жергілікті атқарушы орган мен ауыл тұрғындары бірлесе қимылдау арқылы еңсеруде.
Анығын айтқанда, тұрмысы төмен отбасылардың мәселесі бірнеше жылдан бері «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы шешілуде. Халқымызға тән осы дәстүр талай отбасының баспаналы болуына септігін тигізді. Облыс бойынша Тараз қаласы және барлық аудандағы әрбір ауылдық округте жылына кемі бір үй салу көзделсе, бұл іс Жамбыл ауданында да жүйесін тапқан. «Асарлатып үй салу» жобасын іске асыру аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасы секілді қоғамның осал топтарына жеке тұрғын үй салып беру үшін аудан бойынша бүгінде 5 үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол үйлер бой көтергеннен кейін іші-сырты әрленіп, газ, су, электр жарығы секілді жұмыстар үй иесі үшін тегін жүргізіледі. Бұл шаруалар атқарушы биліктің пәрменімен немесе демеушілер есебінен тегін атқарылатын болғандықтан үй иесінің алаңдауына негіз жоқ.«Асарлатып үй салу» жобасы қайырымдылық бағытқа жатқанымен бұл облысымыздың тұрғын үй саясатын дамыту, оның ішінде мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтудың айрықша тәсілі деп ұғынуымыз қажет.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Жаңа тұрғын алқаптарды газ, электр энергиясы, ауызсу, жол секілді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өзекті. 2024 жылы Аса ауылының жаңа тұрғын үй алқаптарын электр жарығымен қамту жұмыстарын аяқтауға аудандық бюджеттен 19,2 миллион теңге бөлінген екен. Ал аудан орталығы мен Айша бибі ауылының жаңа тұрғын үй алқаптарын ауызсумен қамтуға, яғни су мұнарасын салу үшін жалпы 10 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТОЛЫҚ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ
Аудан әкімінің айтуынша, 42 елді мекеннің 38-ін орталықтандырылған ауызсумен, яғни тұрғындардың 94 пайызы (82 717 адам) таза ауызсумен қамтылған. Биыл Бесағаш-Түрксіб ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталады. Қазіргі таңда қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.2024 жылы ауызсу жүргізу мақсатында Ерназар ауылына 608,2 миллион теңге, Жаңаөткелге 371,9 миллион, Қызылшарыққа 925,8 миллион қаржы бөлініпті. Сонымен қатар Бектөбе ауылына 111,1 миллион теңге, Өрнек, Жұма ауылдарына да 111,1 миллион теңге ауызсу жүйесінің құрылысын бастау үшін қаралған. Аталған жобалар іске асқан жағдайда 2025 жылы елді мекендердің ауызсумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді.Ауданда елді мекендерді газдандыру ісі де назардан тыс қалмаған. Аудан бойынша 42 елді мекеннің 38-і табиғи газ жүйесімен қамтылса, бұл тұрғындардың 90,4 пайызын құрайды.Жуалы ауданынан өткен Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерін магистральді газбен қамту жобасына тиісті қаржы бөлініп, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.
Осы тектес Бесағаш ауылын және Қаратау ауылы мен «Шөлдала» шекара бөлімін газбен жабдықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жобалық құны – 206,4 миллион теңге. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерінің ауылішілік газбен қамту жобасын қаржыландыруға бюджеттік өтінім беріліпті. Кіші елді мекендер санатына жататын Сеңгірбай ауылындағы ауылішілік газ құбырының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіпті. Бұл ретте қаралған қаржы көлемі – 30,8 миллион теңге.Осы аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда Жамбыл ауданының елді мекендерінің газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді екен. Сеңгірбай ауылына магистральді газ құбырының жобалық- сметалық құжаттарын кешенді сараптамадан өткізуге 1,2 миллион теңге жұмсалған.2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электрмен жабдықтау үшін құрылыс жұмыстарына 331 миллион теңге бөлініпті.
Сондай-ақ 13 елді мекеннің 33 көшесіне жарықтандыру орнатылған. Тарқата айтқанда, Асада – 2, Айша бибіде – 6, Бірлесу-Еңбекте – 2, Еңбекте – 3, Жамбыл учаскесінде – 2, Өрнекте – 12, Шайданада – 1, Тоғызтарауда – 1, Ащыбұлақта – 3, Құмтиында – 1, Қаракемерде – 2, Жалпақтөбеда – 3, Гродеково ауылында 1 көше жарықтандырылған. Осы жұмыстар үшін жалпы 324 миллион теңге бөлінген. Гродеково, Қызылдихан, Сұлутөр, Жасөркен, Қызылқайнар, Аса, Қаракемер ауылы үшін 136,9 миллион бөлініп, 7 елді мекеннің 15 көшесінің ескі бағаналары мен желілері ауыстырылған. 3 елді мекеннің 3 көшесінің трансформаторы қазір жаңасына алмастырылып жатыр. Ауылішілік көше шамдары істен шыққан жағдайда қалпына келтіру шығындарына да 40,9 миллион теңге қаржы бөлініпті.
ЖОЛДАРДЫҢ ЖАЙЫ КӨҢІЛ ҚУАНТАРЛЫҚ
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ербол Жайлаубековтің айтуынша, аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 72 шақырым болса, облыстық маңызы бары – 85,7 шақырым, ал аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 163,9 шақырымды құрайды екен.
«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019-2022 жылдар аралығында жалпы 70 жоба іске асырылып, тұрақты 183 жұмыс орны ашылыпты. 2024 жылы 1,6 миллиард теңгеге 15 жоба іске асқан. 5 жоба 2023 жылдан өтпелі. Оның ішінде теміржол стансаларының аумақтарында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электрмен жабдықтау жұмысы да бар. Осы және басқа да нысандар құрылысына аудандық бюджеттен 331 миллион теңге қаралып, жұмыстар қазір аяқталуға жақын қалған.Сонымен қатар ауылішілік көше жолдарын жөндеу бойынша 669,4 миллион теңгеге 7 ауылдық округте 9 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 5 жобаның жұмыстары аяқталса, 4 жобаның құрылысы жалғасуда.Биыл ауызсу жүйесін жүргізуге Гродеково орта мектебіне 8,3 миллион теңге бөлініпті. Жылу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстарын жүргізу үшін 2 білім беру мекемесіне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 19 миллион теңге қаражат қаралған. Бұдан бөлек биыл Ашыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханалары ғимаратының жылу жүйесі табиғи газға қосылмақ. Ол үшін 11,4 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. 4,9 миллион теңгеге Ерназар, 3,2 миллион теңгеге Шайдана ауылдық клубтарының жылу жүйесі газға ауыстырылыпты.
МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА
Ауданда атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен барлық мәселе шешілген деп айтуға келмес. Мәселен, Қостөбе ауылының маңында кәріз жүйесінің шайынды суы жиналып, салдарынан жерасты суы көтерілуі, Қостөбе ауылының маңындағы Тараз қаласының қоқыс жинау алаңының жайы баршаға аян. Осы ретте біз Ерлан Қыдыралыұлынан аудан әкімі ретінде халықпен жүздесіп, қандай мәселелердің оң шешім табуына ықпал еткенін сұрадық.
– Бекітілген кестеге сәйкес жақында Қаракемер, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдық округтерінің тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткіздім. Менің айтарым, әлеуметтің әлеуетін арттыру, тұрмысын түзеуге ықпал ету, қолайлы орта қалыптастыру, жастарды жұмыспен қамту, жылдар бойы қордаланған түйткілді, әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу күн тәртібінен түспейді. Мысалы, Қаракемер ауылдық округі бойынша тұрғындар өтінішіне сәйкес әмбебап спорт кешені ел игілігіне берілді. Биыл аталған елді мекенде ауылішілік көшелер асфальтталуда. Күрежолдың бойына жол белгілері, бейнебақылау камералары орнатылған.
Өрнек ауылдық округі бойынша Аса-Жұма-Шайқорық стансаларының электр желісін аудандық жылу электр стансасына қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауылішілік көшелердің басым көпшілігі асфальтталғанын, бүгінде көшелерді жарықтандыруға басымдылық беріле отырып, ауызсу құрылысы да келесі жылы толықтай іске қосылатынын, биыл спортшылар үшін қолайлы, барлық жағынан талапқа сай спорт кешені ел игілігіне берілгенін айта кеткім келеді. Өрнектіктер округтегі Абай көшесін асфальттау керектігін сұрады. Бұл шешімін табатын мәселе.Ерназар ауылдық округіндегі жергілікті жұртшылықпен кездесуде тұрғындар ауылға ауызсу құбырының құрылысы жүргізіліп, ауыл орталығындағы аллея күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын, ауылішілік көшелер асфальтталғанын сөз етіп, ризашылығын білдірді.
Жамбыл ауданында құрылыс, инфрақұрылым, тұрғын үй секілді мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың реті осындай. Бастысы бөлінген қаржы дер кезінде игеріліп, ел игілікті істің нәтижесін көрсе болды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ