Жамбылдақтар Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға құрмет көрсетті
XXXIII жазғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Жамбыл облысының тумасы Нұрбек Оралбай туған жеріне табан тіреді. Былғары қолғап шеберін жерлестері құрметпен қарсы алды, деп хабарлайды arainfo.kz
Салтанатты шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, спортшының айтулы жеңісі үшін жамбылдықтардың атынан алғыс білдірді.
Ербол Қарашөкеев Олимпиада ойындарының күміс жүлдегеріне демеушілердің есебінен Hyundai Sonata автокөлігінің кілтін табыстады.
Өз кезегінде Нұрбек Оралбай жерлестерінің көрсеткен зор құрметі мен қошеметіне алғыс білдірді.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дамир Буданбеков құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай 2000 жылдың 11 маусымында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында дүниеге келген.
Салтанатты шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.