Жаңалықтар

Жатақханалардың жағдайы жіті назарда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды arainfo.kz

Әуелі шаһар басшысы Төле би, №11 мекенжайында орналасқан жатақханаға аялдады. Мұнда мердігер «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан қайтарым қаражат есебінен ішкі әрлеу, су, жылу, кәріз, электр қуатын жөндеу бойынша тиісті жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген. Енді мұнда жатақхананың шатырын жөндеу және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Келесі кезекте қала әкімі «Қаратау» шағын ауданы №37 «А», №39 және «Салтанат» шағын ауданы №29 «А», №29 «Б» мекенжайында орналасқан жатақханаларға ат басын бұрды. Аталған тұрғын жайларда да қайтарым қаражат есебінен ішкі әрлеу, су, жылу, кәріз, электр қуаты желісі мен сыртқы қасбеті және шатыры күрделі жөндеуден өтуде.

Жатақханалардың жертөлесіне түсіп, коммуникация желісінің жағдайын көрген шаһар басшысы ең әуелі сапаға мән беру керектігін еске салды.

Бұдан кейін шаһар басшысы “Бәйтерек” шағын ауданына барды. Бүгінде аталған шағын аудандағы №5,8,12,14,31,39 үйлерге «Арқас-А», «Юг-ТехСнаб» ЖШС мердігерлігімен жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Келер жылы жаңғыртылатын үйлердің қатарын тағы да молайту керектігін айтқан қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы, бірер жылдың бедерінде көне шаһардың келбетін жақсартуға ерекше ден қойылып келеді. Ал шаһар шырайын арттырудың бір жолы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту екені белгілі.
Осы мақсатта қала аумағындағы пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан 1103 үйдің бұған дейін 489-ы күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614 үйді жаңғырту алдағы уақытқа жоспарлануда.

Сондай-ақ «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламалары аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражат есебінен 489 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға төмендеді.