Қағылез мінезді Қанат
Өз басын қатерге тіге отырып, кез келген сынаққа дайын болу, мамандыққа адалдық таныту – төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлеріне қойылатын басты талап.
«Еңбекқорлық, батылдық, жылдамдық – бұл құтқарушының бойынан табылуы тиіс негізгі қасиеттер», – дейді Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Иманқұлов. Қанат Кәрібайұлы басқаратын құтқарушылар тобының әр күні таңғы сағат 8:00-де сап түзеп, кезекшілік қабылдаудан басталады. Бөлім қызметкерлері барлық ауылдық округтерге хабарласып, қай жерде қандай жағдай орын алғанын анықтаған соң құтқарушылар елді мекендер бойынша бөлініп, жұмыстарына кіріседі.
Әңгіме барысында Қанат Иманқұловтан ерекше есінде қалған оқиғаларды сұрап көрдік.
– 2017 жылы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында әскери жаттығу кезінде қар көшкіні жүрген болатын. Сонда 17 әскери қызметкер қар астында қалып қойды. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде 10 адамды құтқардық, өкінішке қарай, 7 адам қаза тапқан еді. Ол уақытта мен Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы болдым. Бұл оқиға еңбек жолымдағы ең қиын құтқару операциясының бірі болды. Ал 2018 жылы сәуір айында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 182 шақырымында ірі жол апаты болды. Біздің бөлімге апаттың орын алғандығы туралы хабар түсіп, шұғыл оқиға орнына аттандық. «Mercedes Sprinter» маркалы шағын автобус аударылған екен. Оның салонында бір жүргізуші мен 18 жолаушы болған. Жолаушыларды құтқарып, Қордай аудандық ауруханасына және Гвардейский кентіндегі медициналық-санитарлық бөлімге жібердік. Алайда адам шығыны да болды, 3 азамат қаза тапты. Автобуста болғандардың екеуі Қазақстан, қалғандары Өзбекстан азаматтары еді.
Кейіпкеріміздің оқиғаларын тыңдай отырып, бүгінгі күннің батырларының ерлікке толы еңбегі әркімнің қолынан келе бермейтініне көзіміз жетті.Қанат Иманқұловтың айтуынша, бүгінгі таңда аудан бойынша ең көп орын алатын төтенше жағдай – өрт оқиғалары. Жыл басынан бері Қордай ауданында 17 өрт оқиғасы тіркелген.Тұрғындар өміріне араша түсу үшін аяқтарынан тік тұрып, жанқиярлықпен халыққа қызмет ететін азаматтық қорғау органы қызметкерлері қашанда мақтауға лайық. Отқа да, суға да түсіп, дамылсыз жұмыс істейтін бейбіт күннің батырларының еңбегі еленіп, ел алғысын арқалай берсін демекпіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист,
Қордай ауданы