Руханият

Елге танымал батырлар

Құтқарушы әрі өртсөндіруші – әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі. Нағыз өртсөндіруші шаршаудың не екенін және «мүмкін емес» деген сөзді білмейді. Кез келген уақытта, қолайсыз ауа райында, ыстықта және қатты аязда, әртүрлі жағдайда көңіл күйіне қарамастан отқа да, суға да тәуекел етуге дайын. Көбінесе өртсөндірушілер төтенше жағдай орнына бірінші болып жетіп, адамдарға барынша көмектесуге тырысады. Бүгінгі мақаламызда жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген ержүрек жамбылдық құтқарушылар жайлы айтпақпыз.

ӨРТСӨНДІРУШІЛЕР ӘУЛЕТІ

Шайкрамовтар отбасын жергілікті тұрғындар «өртсөндірушілер әулеті» деп ардақ тұтады. Отағасы Мансұр Шайкрамов 1976 жылы 9 қазанда Тараз қаласында дүниеге келген. Азаматтық қорғау полковнигі өртке қарсы қызмет органдарында 1993 жылдан бері еңбек етіп келеді. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Ал Мансұр Зәкірұлының атасы Анвар Шайкрамов 1939 жылдан бері өртке қарсы қызмет органдарында қызмет атқарған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасымен «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. А.Шайкрамов өртке қарсы қызмет ардагері болған жұбайы Елизавета Шайкрамовамен бірге 5 бала тәрбиелеп өсірді.Анвар мен Елизаветаның жалғыз ұлы Зәкір Шайкрамов екі жоғары білім алған. 1972 жылы Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтын аяқтағаннан кейін әкесінің жолымен мемлекеттік өрт қадағалау тобының инспекторы болып еңбек жолын бастайды. Сол жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық жоғары инженерлік өрт-техникалық мектебінің күндізгі бөліміне оқуға түседі. 

– Әкем Зәкір 35 жылдан аса мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 1997 жылы облыстық ішкі істер басқармасы жанындағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан зейнет демалысына шыққан. Әкем өзінің салмақты және табанды мінезімен, сондай-ақ бойына жиған бай теориялық білімінің арқасында әріптестері арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Анам Людмиламен бірге үш ұл-қыз өсіріп, 8 немере тәрбиеледі.Бір қызығы, отбасымыздағы ағам да, мен де, қарындасым да өртке қарсы қызмет органдарында жұмыс істейміз. Ағам Руслан 2002 жылдың мамыр айынан 2017 жылдың тамызына дейін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында сержанттық құрамдағы түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Еңбек жолын Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші болып бастады. Кейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Байзақ аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі лауазымына дейін көтеріліп, сол жерден зейнетке шықты.

Қарындасым Назира «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Өртке қарсы қызметте 2002 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінде облыстық мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасының кадрлар бөлімінің инспекторы болып еңбек етеді, – деген Мансұр Зәкірұлы еңбек жолындағы есте қалған оқиғалармен бөлісті.2015 жылдың 19 маусымында бірыңғай диспетчерлік қызметіне Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан 9 қабаттық әкімшілік ғимараттың өртеніп жатқаны туралы хабар түседі. Ғимарат лапылдап жануға бейім материалмен қапталғандықтан өрттің тоғызыншы қабатқа тез жайылу қаупі туындайды. Оқиға орнына жеткен азаматтық қорғау полковнигі Мансұр Шайкрамовқа ғимараттың қасбеті мен №3 қалалық емханаға үлкен қауіп төндіре бастаған өртті ауыздықтап, зардап шеккендерді құтқару жұмыстары жүктеледі. Өзіне артылған міндетті Мансұр Зәкірұлы жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктей отырып, сауатты әрі жылдам орындайды. Өртті қысқа мерзімде сөндіріп, әрі қарай таралуына жол бермеген. 

БЕРІК – «ӘУЛИЕАТА ҮЗДІГІ»

2023 жылдың 27 желтоқсанында Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтіп, онда бірқатар сала өкілі марапатталды. Іс-шара барысында Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Берік Жаманбекұлы «Үздік жас құтқарушы» номинациясымен және арнайы дипломмен, сондай-ақ ақшалай сыйлықпен марапатталды.Жуалы аудандық өрт сөндіру бөлімінде 25 өртсөндіруші қоғамның қауіпсіздігі үшін қызмет етуде. Берік Каипов та өңіріміздің тұрғындарын түрлі қауіп-қатерден құтқарып, ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі. Жас құтқарушы өрт сөндіру қызметінде жеті жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында Берік өзінің еңбекқорлығын, жан-жақтылығын танытып, бүгінде аудандық өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.Берік Шақпақата ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті бітірген соң өртсөндіруші болуды мақсат тұтып, Көкшетау техникалық институтына құжатын тапсырады.Қолына дипломын алған соң еңбек жолын Мойынқұм ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып бастайды. Аз уақыт ішінде тәжірибе жинап, 2015 жылы Жуалы аудандық өрт сөндіру бөліміне қарауыл бастығы болып ауысады. 

Бүгінде Берік бір шаңырақтың иесі. Өрт сөндіру қызметіндегі ерлігі мен еңбегіне қарай түрлі марапаттарға ие болған. Өмірлік жары Зухра Жандарова екеуі екі ұл-қыз тәрбиелеуде.

«ҚҰТҚАРУШЫ ПЕРІШТЕ»

2021 жылдың 4 қаңтар күні сағат 10:42-де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «112» қызметіне «Бәйтерек» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінің тұрғыны 3-қабаттан құлауға әрекеттеніп, өз-өзіне қол жұмсауға тырысып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жалпы 15 адамнан құралған жеке құрамы мен 3 автокөлігі жедел аттанған.Олар келіп жеткенде пәтердің есігі құлыптаулы болған. Құтқарушылар есікті бұзуға ниеттенген. Алайда әрбір сәттің санаулы екенін ескерген құтқарушылар үш иінді сатының көмегіне жүгінеді. Осы кезде құтқарушы Жомарт Қадыров жедел қимылдап, сатымен жоғары көтеріліп, әлгі әйелге психологиялық қолдау сөздерін айтуды тоқтатпай, пәтердің терезесінде отырған әйелді қапсыра құшақтап, үйдің ішіне бағыттай итеріп кіргізеді.

Нәтижесінде әйел құтқарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылады.Кейінірек белгілі болғандай, әйелдің бұл әрекеті алкогольді шамадан тыс ішу салдарынан орын алған.Өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген тұрғынның өмірін ажалдан арашалап қалған батырға аз-кем тоқталғанды жөн көрдік. Жомарт Қадыров 1984 жылы 28 тамызда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында қарапайым отбасында туған. Әкесі марқұм Мәдіқұл ауылда бірнеше жыл тракторшы болып қызмет атқарса, анасы Клара бухгалтер болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Жалпы Жомарт отбасында бес ұл-қыздың ортаншысы. Қарапайымдылық пен батырлықты үлгі тұтатын Жомарт бүгінде әріптестері арасында үлкен беделге ие. Басшылық та оны әрдайым үлгілі қызметкер ретінде жоғары бағалайды. 

Жомарт Қадыров өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағында 2010 жылдан бері қызмет атқаруда. Қызмет атқарған жылдары ол түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға, адамдар мен құнды мүліктерді құтқаруға айтарлықтай үлес қосып, республикалық, облыстық деңгейдегі құтқарушылар арасында өткен байқаулар мен жарыстарға белсенді қатысып келеді. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА