Жаңалықтар

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу,түсіндіру жұмыстарын жүргізу және полицияға деген халықтың сенімін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы» акциясы басталды.

Акция аясында әрбір әкімшілік учаскеде бірыңғай тексеріс жүргізу үшін учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция қызметкерлері профилактикалық және тізімдік есепте тұрған тұлғалардың, қолайсыз отбасылардың тұрғылықты мекенжайларына толықтай тексеріс жүргізіп, тиісті жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар Тараз қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері және облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының мамандары, «Елу жылда – ел жаңа» ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан арашалау мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Жедел-құтқару» жасағы республикалық мемлекеттік мекемесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша семинар-конференция ұйымдастырылып, өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныстар талқыланды.Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқа адамға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Жәбірленушілердің жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтер құпия ақпараттар болып саналады және ол жария етуге жатпайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қатерімен ішкі істер органдарына хабарласып, дер кезінде көмек көрсетілген отбасыларда құқықбұзушылықтың одан әрі өршу деңгейі төмен болады.Осыған орай, егер кімде-кім отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болса немесе оның куәсі болған жағдайда тез арада полиция органына хабарласуы қажет.

Эльмирахан АБДРАЗАКОВА,
Тараз қалалық полиция басқармасы

жергілікті полиция бөлімінің әйелдерді

зорлық-зомбылықтан қорғау тобының

инспекторы