Қаржылық пирамида белгілері бар 1 198 сілтеме бұғатталды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақовтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер «көлеңкелі» экономикаға қарсы бағытталған іс-шаралардың нәтижесі туралы баяндады.
«Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрестің құрамдас бөлігі – акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес. Бұл құбылыс ел экономикасына, ризығын адал жолмен тауып жүрген кәсіпкерлерге аса ірі зиян келтіріп, халықтың денсаулығына үлкен қауіп келтіреді. Сертификатталмаған өнімдердің «көлеңкелі» айналымы бойынша акциздер төленбейді, тауарлардың стандарттарға сәйкестігі тексерілмейді. Сондай-ақ өнімдердің заңсыз шығуына байланысты олардың бағасы өте арзан. Осыған байланысты адал кәсіпкерлер үлкен шығынға ұшырайды. Департамент акцизделетін өнімдердің «көлеңкелі» айналымымен белсенді түрде күресуде.
– Биыл құны 5 миллиард теңге көлемінде акциздік өнімдердің заңсыз айналымы бойынша 21 қылмыстық іс тіркелді, 6 миллион қораптан астам темекі, 1 880 литр спирт және 600 бөтелке контрафакттік арақ заңсыз айналымнан тәркіленді. Ал өткен жылдың 12 айында 23 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан құны 5 миллиард теңгеден астам өнім, 6,5 миллион қорап темекі және 174 мың вейп тәркіленген болатын.Осы 7 айда департаментте қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелді. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 200-ден астам жәбірленушінің арызы бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді.
Сонымен қатар 7 айда Тараз және Шу қалаларында 2 заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анықталыпты. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа жолданған. Қосымша заңсыз контенті бар 374 сілтеме бұғатталыпты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА