Татулық пен ынтымақты ту еткен жоба
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында отырыс өтті.
Облысымыздан бастау алған жарқын жоба қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға бағытталған. Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы төрағалық еткен алқалы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері Руслан Тоқатов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, республикалық «Дүнген этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гулам Умаров, құқық қорғау органдарының өкілдері, департамент, басқарма басшылары және этномәдени бірлестік жетекшілері қатысты.Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Егемен еліміздің берік ұстанымы – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім. Басқосу барысында ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Дүйсембайұлы кездесуге қатысушыларды еліміздегі барлық ұлттар арасында достық қарым-қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруіне ықпалдасып, өз үлестерін қосуға шақырды.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері Руслан Алтайұлы өркениетті қоғамды өрге бастырмайтын кеселдің бірі жемқорлық екендігін алға тартып, сенім мәдениетін қалыптастыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қою қажеттігін жеткізді.Кездесу соңында жобаны одан ары дамыту шаралары талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылды.Татулық пен ынтымақты ту еткен жобаның жемісті боларына жамбылдықтар бек сенімді.
Толғанай АТАБАЙ,
облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы
«Қоғамдық келісім» мекемесі
«Ақпараттық жұмыс және
қоғаммен байланыс» бөлімінің жетекші сарапшысы