Жаңалықтар

Жастарға қаржылық сауаттылық керек

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру аясында Тараз қаласындағы колледждердің педагогтеріне арналған 3 күндік оқыту семинары ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ Президент Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын.Колледж студенттерінің қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинарда облыс бойынша 72 педагог оқытылды.Семинар барысында Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының әдіскері Асима Пернебаева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының доценті Айгүл Молдабекова өз тәжірибелерімен бөлісті.Жиында сөз алған Уәлихан Болатбек білім беру үдерісінде болашақ мамандардың қаржылық сауаттылығын және мәдениетін көтеру бағытында ұйымдастырылып отырған семинардың маңыздылығына тоқталды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың бірінші кезеңінде 36 адам оқытылса, келесі кезеңінде де сонша педагог білімін жетілдіреді.

Семинарға қатысқан тыңдаушылар белсенді пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Пікірталас барысында олар жаңа идеялар келгенін жеткізді.

– Қазіргі заманда қаржылық сауаттылықтың маңызы зор. Біз өзімізге, жастарға керекті пайдалы ақпараттарға қанықтық. Енді үйренгенімізді студенттерімізбен бөлісетін боламыз, – дейді Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің оқу бөлімінің хатшысы Ақбота Сәкен.Жоба аясындағы семинарға қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды, жалпы шығындарды есептеп, оларды жүйелеуді, алаяқтық әрекеттердің белгілерін және олардан құтылу жолдарын үйреніп, қаржылық сауаттылықтарын арттырды.


Айжан ӨЗБЕКОВА